Маңғыстаулық жас ана он екінші сәбиін дүниеге әкелді
«Айнұр Жұманбетова ұл баланы табиғи жолмен дүниеге әкелді. Нәрестенің салмағы – 3 келі 770 гр, бойы – 55 см. Ана мен сәбидің жағдайы тұрақты болғандықтан, үйіне шығарылды», - деді «Ана мен бала» орталығының директоры Жапырақ Епенова.
Көп балалы ана 18 жасында тұрмысқа шыққан. Отбасының осыған дейін 7 ұл, 4 қызы бар еді. Олар 12-перзентіне Мұхаммед-Әмин деп ат қойыпты. Қарапайым жанұя былтыр мемлекет бағдарлама аясында арендалық пәтер алған.
«Отағасының айлығы және балалардың жәрдемақысымен ел қатарлы күн кешіп келеміз. Тұңғышым 17 жасқа толады. Биыл 11-сынып оқиды. Әскери қызметкер болуды жоспарлап отыр. Екінші ұл 9-сынып бітіріп, колледжге құжат тапсырып жатыр. Кішісі 1 жарым жаста. Жолдасым да, өзім де көп балалы отбасынан шыққанбыз. Енді балаларымызға жақсы білім, тәрбие беріп, елге қамқор азамат қылып өсірсек, арманымыз жоқ. Алла беріп жатса, әлі де бала тууға дайынмын», – дейді Айнұр Жұманбетова.
Айта кетейік, отбсында егіз немесе үшем жоқ.
Бұған дейін Маңғыстау облысында жыл басынан бері екінші үшем дүниеге келген еді.
Фото: inbusiness.kz