Маңғыстаулық жастардың әлеуметтік жобаларына 321 млн теңге қайтарымсыз қаржы бөлінді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банк бірлескен «Zhas Project» жобасын іске асыру жоспарланған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлеуметтік жобаға тұрмысы төмен отбасынан шыққан 14-29 жас аралығындағы жастар, жұмыссыз жастар, арнайы білім алмаған, табысы төмен жастар қатысты.
«Zhas Project» жобасы республика көлемінде 2017 жылдан бері жүзеге асуда. Биыл Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақмола облыстары мен Астана, Алматы қалаларында жүзеге асырылып отыр.
Биыл жоба үшін республика бойынша 1 100 грант бөлініп, әлеуметтік стартап жобасын жүзеге асыруға (әр жоба үшін) 1 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы қаралды.
Жобаны таныстыру мақсатында Маңғыстау облысында 30-ға жуық кездесу өтіп, оған 2 мыңнан аса жас қатысты. Нәтижесінде, 15 наурыз бен 15 сәуір аралығына дейін zhasproject.kz сайтында 1264 өтініш қабылданды.
Қабылданған жобалар үш кезеңдік іріктеуден өтті. Бірінші, техникалық іріктеуде құжаттар тексеріліп, 758 жоба екінші турға жіберілген болатын. Екінші турда комиссиялық бағалаудан 704 жоба өтіп, компьютерлік іріктеу үшінші кезеңіне өтті. Соңғы кезеңде Маңғыстау облысы 321 грант ұтып, республика бойынша ең көп грант ұтқан өңір ретінде тіркелді.
Мәселен Ақтау қаласы - 31, Жаңаөзен қаласы - 87, Маңғыстау ауданы - 52, Бейнеу ауданы - 42, Мұнайлы ауданы - 47, Түпқараған ауданы - 25, Қарақия ауданы - 37 әлеуметтік грантты жеңіп алды.
Осылайша Маңғыстаулық жастардың әлеуметтік жобаларын қаржыландыруға 321 млн теңге көлемінде қайтарымсыз инвестиция беріліп отыр.