Маңғыстаулықтар мал тапсырып, субсидия ала алады
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында шаруа қожалықтары ет комбинатына ірі қара және ұсақ малдарды тапсырып, мал басына, салмағына қарай мемлекеттен субсидия алу мүмкіндігіне ие, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Маңғыстаулықтар малды Жаңаөзен қаласында орналасқан «Korkem Alem» ет комбинатына тапсыра алады.
«Субсидия ірі қара және ұсақ малдың еркек дарақтарының құнын арзандату бағыты бойынша беріледі. Оны алу үшін бірнеше талап қойылған. Яғни, тапсырылатын мал ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің деректер базасында тіркеуде тұруы тиіс. Ет комбинатына тапсырар кезде ірі қараның жалпы салмағы 400-450 кг арасында, жасы 7 айдан 18 айға дейін болу шарт. Ірі қараның аналығы, яғни сиырлар шаруа қожалықтың меншігінде болуы қажет. Ұсақ малдың жасы 4-12 айға дейін, жалпы салмағы 30 кг-дан төмен болмауы тиіс. Ірі қара және ұсақ малды да өткізу кезінде қабылдаушы тараптың (ет комбинатының) зертханасынан берілген анықтама ұсынылуы керек» - делінген «Korkem Alem» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінде.