Маңғыстаулықтар мемлекеттік қызметтерді роботтың көмегімен ала алады

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Бірыңғай байланыс орталығы желісінде аптасына 7 күн тәулік бойы мемлекеттік қызметтер мен консультациялық қолдау көрсете алатын робот енгізілді. Енді маңғыстаулықтар ХҚО мемлекеттік қызметтерін роботтың көмегімен ала алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Робот ХҚО-ға кезек броньдау, құжаттардың дайындығын тексеру, психологиялық және наркологиялық диспансерден анықтама алу сияқты сұранысқа ие сервистерді дербес көрсете алады.

Кезек броньдау үшін ЖСН-ді тондық режимде енгізу, ХҚО-ны, баратын күні мен уақытын таңдау қажет.

Анықтама алу үшін робот кодты растайтын ЖСН енгізуді ұсынады, ал анықтама сілтемесін 1414 нөмірінен SMS арқылы жібереді.

Сондай-ақ, робот ең танымал 50 мәселе бойынша кеңес береді.

Ол төлқұжат, жеке куәлік, ЭЦҚ, бала туу бойынша жәрдемақы, зейнетақы төлемдері және басқа да сұрақтарға жауап бере алады.

Сонымен қатар, белгілі бір қызметті алу үшін қажетті құжаттардың тізімін SMS арқылы жолдайды.

«Бірыңғай байланыс орталығы желісінде аптасына 7 күн тәулік бойы мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес беретін робот іске қосылды. Бірыңғай байланыс орталығының роботы халыққа қызмет көрсету орталығына кезекке тұру, құжаттардың дайындығын тексеру, психо-неврологиялық, наркологиялық диспансердің анықтамасын беру сияқты қызметтерді көрсете алады»,- дейді «Азаматтарға арналған үкімет» Маңғыстау облыстық филиалының басшысы Ақмарал Абдуллаева.

Айта кетсек, 1414 бірыңғай байланыс орталығы 11 жылдан астам уақыт бойы азаматтарға кеңес беріп келеді.

Жыл басынан бері желі арқылы 1,2 млн астам өтініш түскен, оның 35%-ына робот қызмет көрсетті.


Соңғы жаңалықтар