Маңғыстаулықтардың басым бөлігі қылмыскерлерге жаза қолданудың қатаң шараларын құптайды - Ө.Шөкеев
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Маңғыстаулықтардың басым бөлігі қылмыскерлерге жаза қолданудың қатаң шараларын құптайды.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ақтаудан тікелей бейне байланысқа шыққан ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.
Оның айтуынша, қала халқымен кері байланыс орнатылып, шамамен 300 адам қатысқан үлкен жиын өткен. Онда Үкімет пен билік тарапынан қабылданып жатқан шараларды түсіндіру және насихаттау бойынша негізгі міндеттер нақтыланған. Сонымен қатар қаланың еңбек ардагерлерімен, құрметті ақсақалдарымен, «Өзенмұнайгаз» бен «Қаражамбасмұнайгаз» компанияларының жұмыстан шығарылған жұмысшыларымен кездесулер ұйымдастырылған.
«Біз ереуілге шыққан мұнайшылармен Ақтау қаласының орталық алаңында кездестік. Бізбен кездескендердің басым көпшілігі бұзақылық пен адам өліміне кінәлі тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттерін түбегейлі айыптайтындығын баса айтқым келеді. Сонымен қатар, қылмыскерлерді жазалауға қатаң шараларды құптайды», - деді ол.