Маңғыстаулықтардың мемқызметке құлқы жоқ - Нұргүл Жанназарова
«Маңғыстау облысында 402 жарияланған бос лауазымдарға бірде-бір үміткер қатыспаған, оның 193-і басшылық лауазымдар. Мысалы Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары мен бөлім басшысы лауазымдарына ішкі және жалпы конкурстар 3 реттен, Жаңаөзен қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы лауазымына ішкі және жалпы конкурстар 2 реттен, Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы лауазымына ішкі және жалпы конкурс 2 рет жарияланған. Алайда, аталған мемлекеттік органдардағы басшы лауазымдарға жарияланған конкурстарға қатысуға ниет білдірген үміткерлер болмаған», - деді ол.
Сондай-ақ, департамент басшысының дерегінше, Маңғыстау облысы бойынша тестілеуден өту үшін ниет білдірген азаматтардың саны артқанымен, оң нәтиже алған азаматтардың көрсеткіші осы күнге дейін төмен. Демек, мемлекеттік қызметке келемін деген жергілікті тұрғындар тестілеуге немқұрайлы қарап, қолданыстағы заңнамаларды толық меңгермеген.
«Маңғыстау облысы бойынша «Б» корпусының мемлекеттік лауазымдарына 2017 жылы тестілеуге 3563 азамат қатысып, оның 1149 ғана, яғни, 32,2 пайызы сүрінбей өткен», - деді Нұргүл Жанназарова.
Айта кетерлігі, аталған департаменттің баспасөз қызметі ұсынған деректерге сәйкес, 2018 жылғы 1 қаңтарда 273 мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілерінің штаттық саны 3124 бірлік болса, нақты саны 2789 адамды құраған. Олардың ішінде әйелдер саны - 1645 немесе 59 пайыз. Жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарда қызметшілердің штаттық саны - 1347, нақты саны - 1188. Әкімдіктердегі мемлекеттік қызметші әйелдер саны - 701, олардың ішінде басшылық лауазымдарда - 210 адам. Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы - 36,2.
«Сонымен қатар, Маңғыстау облысында «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» конкурсына құжат жинау басталды. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарымен көзделген, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру мақсатында қолға алынған конкурс биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отыр», - делінген баспасөз қызметі таратқан мәліметте.