«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ы Жетібай кен орнының ұңғымасындағы апатты жағдай толығымен жойылды
Бұл туралы аталмыш акционерлік қоғамның баспасөз қызметінен мәлім етті. АҚ-дан хабарлағандай, апаттық жағдайдың туындауына жабдықтардың тозуы себеп болған.
«Оқиға орнында компания басшылығымен бірге, жедел топ болды. Оған ҚР ТЖМ мен «Ақберен» атқыламаға қарсы әскерилендірілген жасақтың Маңғыстау филиалының күштері жұмылдырылды. Қазіргі уақытта жағдай бақылауға алынып, қызметкерлердің денсаулығы мен экология үшін қауіп жоқ. Оқиға орнында жеткілікті көлемде арнаулы техника мен персонал жұмыс жасап жатыр», - деп атап өтті компания өкілдері.
Баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда, 50 жылдық тарихы бар Жетібай кен орнында ұзақ уақыт қолданыста болған құрал-жабдықтар пайдаланылып келеді. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ы ескі жабдықты ауыстыру бағытында жұмыстар жүргізуде, осы жұмыстарға 2010 жылы 8 млрд. астам теңге салынған болатын, бұл 2009 жылмен салыстырғанда екі есеге артық.
Айта кетейік, бүгінгі таңда «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ елiмiздегi мұнайгаз өндіруші iрi компаниялардың бiрi саналады. 2011 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, акционерлік қоғамның кен орындарын игеру басталғалы бері 200 миллион тоннадан астам «қара алтын» өндірілді. Бүгінде «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының 15 мұнай және газ кен орындарында жалпы бастапқы геологиялық қорымен 1 млрд. 117 млн. тонна игерілуде. Негізгі өндіріс нысандары - Қаламқас және Жетібай кен орындары. Мұнай өндірудің жылдық деңгейі 5 миллион 700 мың тоннадан асады.