Манхэттенде әлемдегі ең биік түрменің құрылысы басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Нью-Йорктің Манхэттен ауданында әлемдегі ең биік түрме ғимаратының құрылысы басталды. HOK сәулет бюросы жобалаған нысанда қазір құрылыс алаңын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа түрме атышулы Райкерс-Айленд түрме кешенінің орнын басуы тиіс. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі Dezeen басылымына сілтеме жасап хабарлады.
Нью-Йорк қаласының Дизайн және құрылыс департаменті (DDC) мен HOK мәліметінше, ғимараттың биіктігі 102 метр, ал жалпы 13 қабаты болады. Бұл биіктік көршілес орналасқан Нью-Йорк округінің қылмыстық істер жөніндегі сот ғимаратымен шамалас.
Жоспарланған нысан осы қалпында салынса, әлемдегі ең биік түзеу мекемесі атанбақ. Сол себепті оны қазірдің өзінде «түрме-небоскреб» деп атап жүр.
Құрылысты 2032 жылы аяқтау жоспарланған. Түрмеде барлығы 1040 адамға арналған орын болады.
Жергілікті тұрғындар мен қоғамдастық өкілдерінің ұсынысы бойынша ғимаратта келушілерге арналған арнайы кеңістік те қарастырылған. Ол жайлы әрі демалуға қолайлы етіп жасалмақ. Сонымен қатар келушілерге оңай қолжетімді киім және жеке заттарға арналған шкафтар мен дәретханалар болады.
Бұл нысан — Нью-Йорктегі Райкерс-Айленд түрме кешенінен сотталғандарды көшіру үшін салынатын төрт жаңа түрменің бірі. Ист-Ривердегі Райкерс-Айлендте қаладағы 15 түзеу мекемесінің 10-ы орналасқан. Онда 15 мыңға дейін адам қамауда ұсталады.
Нью-Йорк билігі 2019 жылы Райкерс-Айленд түрме кешенін жабу мүмкіндігін жариялаған болатын. Оның орнына Манхэттен, Бруклин, Бронкс және Куинс аудандарында көлемі шағындау төрт жаңа түрме салу жоспары ұсынылды. Бұл жоба «Аудандар деңгейіндегі түрмелер бағдарламасы» (Jails Program at the Borough Level) деп аталды.
Төрт нысанның жобасын әртүрлі сәулет компаниялары әзірлеп жатыр. HOK Манхэттен мен Бруклиндегі түрмелердің жобалауымен айналысса, Cetra Ruddy Бронкстегі нысанды, ал Michael Graves Куинстегі түрмені жобалауда. Қазіргі уақытта төрт нысанның да құрылысы жүріп жатыр, алайда олардың әрқайсысы әртүрлі кезеңде.
Айта кетейік, Нью-Йорк АҚШ-та эвтаназияға рұқсат берген 14-штат болды.