Мао Цзэдунға қобыз сыйлаған Қытайдағы қазақ шебері - шетелдегі қазақ баспасөзі
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
Мао Цзэдунға қобыз сыйлаған Қытайдағы қазақ шебері - «Іле ақпарат торабы»

Қытай елінің Іле Қазақ автономиялы облысы Құлжа қаласында домбыра жасаудан мемлекеттік деңгейдегі марапат алған Әділқан Абдоллаұлы атты музыкалық аспаптар жасаудың қас шебері тұрады.
Бұл туралы Қытайдың «Іле ақпарат торабы» хабарлайды.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, ұлттың музыкалық аспаптарын жасауда алдына жан салмаған шебер биыл 83 жасқа келген. Қарт шебер жасы егделеп қалсада, әлі күнге дейін өз кәсібін жалғастыруды тоқтатпаған.
Тілшілер амандаса барғанда, Ә. Абдоллаұлы өз шеберханасында облыстық филармонияның кезекті көлемді концертіне қажетті домбыраларды жасаумен қарбалас екен. Қытайлық басылымның дерегінше, оның шеберханасында есіктен төрге дейін түрлі үлгідегі музыкалық аспаптарға толған. Төрге таяу жерге жалғыз ыңғайлы орындық, шағын үстел қойылыпты. Шеберге барған тілшілерді таңғалдырғаны 35 градустық шыжыған күнде пешке от жағылған. Сол пеш үстінде жібітілген желім мен домбыра шанақтары қойылыпты, сол жерде шанақты отқа ұстап иіуге ыңғайлаумен Әділқан қария жүр...
Жасы егделесе де шебердің әрекеті ширақ, сөзі сергек.
Айта кетерлігі, шеберханадағы қабырғаға ілінген екі үлкен тарихи сурет тұр. Соның бірі шебердің 1965 жылы Бейжіңге барып Мао Цзэдунға қобыз ұсынған кездегі суреті екен. Ал енді бірі – 2018 жылы жергілікті облыс басшыларының Әділқанның қолынан шыққан домбыраны Қазақстанның сол кездегі Президенті Н. Назарбаевқа тарту еткендегі суреті. Оның шеберханасы сол секілді көптеген құнды картиналарға толы екенін жазады қытайлық басылым.
Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, мемлекет деңгейіне дейін даңқы жеткен қас шебер 1940 жылы Іле аймағы Қорғас ауданының Сарбұлақ ауылында дүниеге келген. Әділқан кішкентайынан әкесінің ықпалымен өнерге құмар болып, 1959 жылы Іле 1-ші Педагогика мектебін тамамдап, мәдениет үйірмесіне биші болып қабылданады. Бір жылдан кейін ол ұйымның ұйғарымымен музыка аспабын жасау бөліміне ауысалы. Сөйтіп, ол түрлі ұлттан құралған ұстаздарының әсерінен, қазақтың халықтық музыка аспаптарын жасаумен бірге, ұйғұр, қырғыз, сібе, моңғол, татар, орыс сияқты ұлттардың да халықтық музыка аспаптарын жасай бастайды. 1980 жылдан 1982 жылға дейін басшылықтың тапсырмасымен Шаңхайға барып музыка аспабын жасау өнерін тереңдеп үйренеді. Содан кейін Әділқан Абдоллаұлы қазақтың соқпалы, үрлемелі, шертпелі музыка аспаптарын қамтыған 21 түрлі ұлттық музыка аспабын қайталай жаңғыртып жасап, халықпен бет көрістіріп, сахнаға шығарады. Ол жалпы қазақтың музыка аспабынан домбыра, қобыз, сыбызғы, шертер, сырнай(қамыс сырнай, мұйіз сырнай, сазсырнай), мүйіз тақылдақ, тайтұяқ, үскірік, дабыл, дауылпаз, шыңдауыл, даңғара, шаңқобыз, кернай, асатаяқ сияқты 40 түрден астамын жасаумен бірге, ұйғұр ұлтының дуттары, тамбыры, дап, һижесі, сібенің домбыры, қырғыздың, моңғолдың ұлттқ музыка аспаптарын жасай алады екен.
2008 жылы ҚХР-ның Мемлекеттік кеңесі қазақтың домбыра өнерін 2-шы топтағы материялдық емес мәдени мұраның қатарына енгізген. Сол жылы Әділқан Абдоллаұлы Шыңжаң Ұйғыр автономиялы өлкелік мәдениет басқармасы жағынан автономиялы өлке дәрежелі материялдық емес мәдени мұра қазақтың домбыра аспабының мұрагері деген атаққа ие болған. Сонымен қатар, Ә. Абдоллаұлы 2009 жылы Қытайдың Мәдениет министрлігі жағынан мемлекет дәрежелі материялдық емес мәдени мұра нысаны - қазақ ұлтының домбыра аспабының мұрагері болып бекітілген. Ал, 2022 жылы мемлекет дәрежелі материялдық емес мәдени мұралардың мұрагерлерін бағалауда Әділқан үздіктер қатарынан орын алған.

Әділқан Абдоллаұлы қолынан шыққан музыка аспаптары кәсби өнерпаздардың көңілінен шығумен бірге, әртүрлі мұражайларда, архив қорларында сақтаулы тұр. Бұдан сырт Қазақстан, Жапония, Корея сияқты елдерден тапсырыс берушілер әлі күнге жалғасып келеді.
Әділқан Абдоллаұлы өнерін артындағы ұрпаққа қалдыру мақсатында домбыра орындау шеберлігі және жасалуы жөнінде, басқада тақырыптарда түрлі газет-журналдарда көптеген ғылми мақала жариялаған. Сондай-ақ, 2009 жылы «Қазақтың музыка аспаптары және оның жасалуы» деген кітабын жазып баспадан шығарды. Аталған кітаптың 2013 жылы екінші басылымы жарық көрген. Ендігі кезекте Әділқан қария өзіндегі бар өнерін кейінгі ұрпаққа қалдыру мақсатында 2-ші кітабын қолға алып, жыл соңына дейін жазып бітіруді жоспарлауда. Бұл кітапта қазақтың дәстүрлі музыка аспаптары, жасалу жолдары егжей-тегжейлі таныстырылмақ.
Өзбектер Бакуде 1 тонна палау дайындамақ - «ӨзА»

1-4 тамыз аралығында Әзірбайжанның Баку қаласында «Өзбекстанның мәдениет күндері» өтетін іс-шаралар бағдарламасы аясында бірқатар мәдени-әдеби шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.
Өзбекстандық БАҚ-тың мәліметінше, аталған іс-шараға орай 3 тамызда Бакудегі «Бульвар саябағында» өзбек ұлттық аспаздық және қолөнер көрмесі ашылады. Онда өзбек ұлттық тағамы және білікті қолөнер шеберлерінің әлеуеті көрсетіледі. Көрме аясында 1 тонна өзбек палауы дайындалып, қатысушыларға таратылмақ.
Сондай-ақ, шаралар барысында Өзбекстаннан келген қонақтар Әзірбайжанның қызықты және тарихи ескерткіштерімен танысады, деп жазады «ӨзА».
Сондай-ақ, осы аптада «ӨзА» агенттінде «Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Елшісімен кездесу өтті» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Толығырақ айтар болсақ, 2023 жыл 1 тамызда Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Бобур Усманов Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұловпен кездескен.
«ӨзА»-ның мәліметінше, тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдердің орындалуын қарастырды.
«Жоспарланған бірлескен іс-шаралардың кестесі, ұйымдастырушылық және мазмұндық аспектілері талқыланды. Сауда-экономикалық, өңіраралық ынтымақтастық пен мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды», делінген деп түйіндейді өзбектсандық басылым.
Хайнандағы тибеттік ерекше кесте өнері – «Халық» газеті

Тибеттік кесте біздің заманымыздың IX ғасырында пайда болды, Thang-ga және құрақ кестемен бірге Тибет буддизмінің үш негізгі өнері ретінде белгілі. Бұл Қытайлық этникалық азшылықтардың дәстүрлі мәдениетіндегі ең ерекше кесте мектептерінің бірі, деп жазған «Халық» газеті.
Аталған басылымның мәліметінше, Тибеттік кестені оның көркемдік көрінісінің формалары мен әдістеріне, аймақтық айырмашылықтарға және т. б. байланысты әртүрлі фракцияларға бөлуге болады. Соның ішінде «Хайнань Тибет кестесі» негізінен Цинхай өлкесіндегі Хайнань Тибет автономиялық өлкесінің Гуйнань өңірінде және Гунхэ ойпатының ауылшаруашылық аймақтарында кең таралған. Суреттегі кестешілер тибеттік кестедерді тігіп жатыр жазыған.

Шынжаңның «Бақты» шекара өткелінің саяхаты жанданды – «Harajorga»

Жазғы туристік маусымның шілде айының келуімен Шыңжаңның Шәуешек қаласындағы Қазақстанға бағытталған «Бақты» кеден бекетіндегі шекаралық туризм дамып, туристер саны артып келеді, деп хабарлайды «Harajorga».
«Бақтыдағы» Жібек жолы мәдени тауарлық қалада сауда және туризм үшін шекараға келетін адамдардың үзіліссіз ағыны бар екенін байқауға болады. Сондай-ақ, «Бақты» кеден бекетіндегі Жібек жолы мәдени тауар қалашығында Қазақстаннан импорттық бал, кәмпит, алкоголь, шоколад, күнделікті тұрмысқа қажетті заттар және басқа да тауарлардың кең ассортименті бар және тауарлар жеткілікті.
Айта кетейік, «Бақты» өткелі Қытайдың Шәуешек қаласынан солтүстік-батысқа қарай 12 шақырым жерде орналасқан. Оның құрлық келісім порты ретінде ұзақ тарихы бар. Бұл бұрын Қытай және шетелдік кәсіпкерлер жиналатын орын және сыртқы сауда үшін маңызды сауда орталығы болған.
Қытайлық басылымның мәліметінше, жылдың бірінші жартысынан бері «Бақты» кеден бекеті әртүрлі турлармен айналысып келеді. Атап айтқанда, «Алакөлге» бағытталған трансшекаралық 3 күндік турлар бар.
Шетелден келген қазақ балалары арасындағы байқаудың жеңімпазы анықталды– «Kaznews»

«Үздік жас мобилограф» байқауы өз мәресіне жетті. Бұл туралы Отандастар қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап «Kaznews» хабарлады.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, байқауға барлығы 54 оқушы қатысқан. Балалардың өзіндік стилі, тың идеялары мен зор талғамдарына барынша ерік берілді. «Екі апта бойы лагерьден не түйдім, не көрдім, не білдім?», - деген сұрақтарға жауап беру арқылы жеке көзқарастарын әдемі видеороликтер арқылы жеткізген.
Айта кету керек, «Үздік жас мобилограф» байқауының жүлделі I орын иегері – Асқарқызы Жансая (Моңғолия, Баян – Өлгий). «Үздік жас мобилограф» байқауының жүлделі II орын иегері – Іңкәр Серікжан (Қытай, Құлжа).
Еске сала кетейік, «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен Қазақстанда екі аптаға жалғасқан лагерьге әлемнің 8 елінен қазақ балалары келген болатын. Атап айтсақ, АҚШ, Иран, Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Ресей қатарлы елдерден екі жүзге жуық этникалық қазақ балалары қатысқан еді.
Иран Қазақстанның тау-кен көрмесіне қатысады – «Parstoday»

Иранның Геология және барлау ұйымы өзіне тиесілі бір компанияның Қазақстанның халықаралық тау-кен көрмесіне қатысатынын мәлімдеді.
«Parstoday» ақпарат агенттігінің Иранның Геология және барлау ұйымына сілтеме жасап хабарлауынша, Иран Қазақстанның Алматы қаласында өтетін 28-ші халықаралық тау-кен көрмесінің барлау, өндіру және тиісті техника мен құрал-жабдықтар бөліміне қатысады.
Бұл көрме биыл 20-22 қыркүйекте Сауда және көрмеге қатысты іс-шараларды дамыту компаниясы тарапынан Иранның Тау-кен үйі және Иранның тау-кен инженерлік жүйесі ұйымының қолдауымен өтеді.