Маралды тұрғындары алтын өндіруші кәсіпорынды сотқа бере алады – Экология министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Абдуалиев Шығыс Қазақстан облысындағы Маралды ауылының халқына алтын өндіруші компанияның жұмысын тоқтату үшін не істей алатындарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маралды тұрғындары алтын өндіруші кәсіпорынды сотқа бере алады – Экология министрлігі

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде әлеуметтік желіде талайдан бері қызу талқыланып жатқан Маралды алтын кеніші туралы бірнеше сұрақ қойылды.

Министрлік өкілі бұл мәселені тұрғындар сот арқылы ғана шеше алатынын жеткізді.

«Бұл мәселеде Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ұстанымы құқық талаптарына негізделген. Мәселенің бәрі экологиялық заңнама аясында қарастырылады. Экология заңнамасы бұзылған жағдайда аталған алтын өндіруші фабриканы жауып тастауға болады. Қазіргі таңда рұқсат беретін құжаттары бар. Бұл жобаға қоғамның бір бөлігі қарсы, тағы бір бөлігі мақұлдап отыр. Қоғам қауымдастығы сот органдарына шағым түсіруге хақылы екенін айтқым келеді. Бұл жерде қоғамдық тыңдаудың хаттамасының күшін жою туралы арыз түсіре алады. Осы арыз негізінде сот тұрғындардың пайдасына шешім шығарса, біз де өзіміз берген қорытындыны кері қайтарып ала аламыз», - деді Айдар Аубдуалиев.