Маралдыдағы алтын фабрикасы: департамент тәуелсіз комиссия құруға дайын

АСТАНА. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Маралды ауылының тұрғындары көтерген экологиялық дабылға байланысты тәуелсіз сараптама жасалады. Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Абдуалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маралдыдағы алтын фабрикасы: департамент тәуелсіз комиссия құруға дайын
Видеодан алынған кадр/24.kz

«Қазіргі таңда халықтың наразы ұстанымын ескеріп, жергілікті экология департаменті тәуелсіз сараптамалық комиссия құруға дайын. Департамент осындай өтінішпен Қазақстан экологиялық аудиторлар қауымдастығына және Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігіне жүгінді», - деді спикер.

Оның айтуынша сараптаманың мақсаты – қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу.

«Сараптамаға коммерциялық емес ұйымдар мен қажетті деңгейдегі кәсіби дайындығы бар тұлғалар тартылмақ. Қауымдастық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы ретінде қатысуға дайын. Қазір тұрғындардың жауабын күтіп отырмыз. Бүгінгі таңда бұл мәселе кеңінен талқыланып жатыр.

Кәсіпорын алтын аршуға кірісіп кетті. Жыл соңына дейін тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіріс жүреді. Комитеттің қарауында аталған карьерден алтын алудың нақты жобасы бар.

Қоғамдық тыңдаулар өтіп қойғанын, сол тыңдау бойынша оң шешім қабылданғанын айтқым келеді. Қоғам тарапынан қойылып жатқан сұрақтар тікелей жобаға қатысты болуы керек. Экологиялық кодекс пен қоғамдық тыңдау өткізу ережесі бойынша жобаға қатысы жоқ мәселелерді біз қарамаймыз. Қазіргі ахуал осындай», - деді Айдар Абдуиалиев.