Марат Ахмади: Азаматтық кодексті жаңарту – уақыт талабы

АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында болашақтың экономикасына біртіндеп көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау бастамасын көтерді.

Марат Ахмади
Фото: Maqsut Narikbayev University

Қолданыстағы Азаматтық кодексті жаңарту қажеттілігі неден туындайды? Жаңа кодекс қандай талаптарға жауап беруі керек және оның қабылдануы әрбір азамат үшін нені білдіреді? Осы және өзге де өзекті мәселелер жөнінде PhD, Maqsut Narikbayev University профессоры Марат Ахмадимен әңгімелестік.

- Жаңа Азаматтық кодекс қабылдау бастамасын қалай бағалайсыз? Оның қажеттілігі неде?

- Меніңше, бұл – дер кезінде қабылданған шешім. Қолданыстағы Азаматтық кодекс 1994 жылы, Қазақстан жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға өтер тұста әзірленді. Ол өз міндетін абыроймен атқарды: жеке меншік институтын орнықтырды, келісімшарт еркіндігін қамтамасыз етті, нарық субъектілерінің жүйесін қалыптастырды. Бірақ ол өтпелі кезеңнің кодексі еді, ал өтпелі кезең әлдеқашан аяқталды.

Цивилистер арасында «Қолданыстағы кодекске жекелеген түзетулер енгізу жеткілікті ме, әлде жаңа кодекс қабылдау керек пе?» деген пікірталас көп жылдан бері жалғасып келеді. Соңғы 30 жылдағы түзетулер тәжірибесі бұл сұрақтың жауабын өзі берді. Осы уақыт ішінде Азаматтық кодекске 280-нен астам заң арқылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бірыңғай тұжырымдамасыз, жекелеген салалардың мүдделеріне қарай енгізілген түзетулер кодекстің ішкі үйлесімі мен жүйелілігін бұзды. Мәселен, 2016 жылы ғалымдар атап көрсеткен жүйелі олқылықтар әлі де бар. Он жылға жуық уақыт өтсе де, олардың бірқатары шешімін тапқан жоқ. Демек, мұндай тәсіл күткен нәтиже бермейді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы айқын. Әңгіме қолданыстағы кодекстің кезекті редакциясын әзірлеу туралы емес, мүлде жаңа кодекс қабылдау туралы болып отыр. Оны әзірлеу мерзімі ретінде 2027 жылдың соңы белгіленген.

- Экономика мен қоғамдық қатынастардағы қандай өзгерістер Азаматтық кодексті қайта қарауды өзекті етіп отыр?

- 1994 жылы Азаматтық кодекстің алдында бір ғана міндет тұрды: бір меншік иесі бар экономикадан меншік нысандары көптүрлі нарықтық экономикаға көшу және нарықтық қатынастардың негізін қалау. Сол кезеңде заң шығарушы жеке меншік институтын, кәсіпкерлікті және келісімшарттық қатынастарды жаңадан қалыптастырды. Ал бүгінгі экономиканың сипаты мүлдем басқа.

Біріншіден, азаматтық айналымның күрделілігі артты. Қор нарығы, корпоративтік қатынастар, венчурлік қаржыландыру, ірі инфрақұрылымдық жобалар пайда болды. Оларға күрделі опцион, эскроу, тәуелсіз кепілдік, келісімшарт жасасуға дейінгі жауапкершілік сияқты институттар керек. Астана халықаралық қаржы орталығы оларды ағылшын құқығынан алып, бір елдің ішінде қос құқықтық тәртіп құрып отыр. Бұл жағдай Азаматтық кодексті заман талабына сай жаңарту қажеттігін айқын көрсетеді.

Екіншіден, мемлекеттің құқықтық айналымдағы орны мен рөлі өзгерді. Шаруашылық жүргізу және оралымды басқару құқығы, мемлекеттік кәсіпорын сияқты кеңестік кезеңнен қалған конструкциялар әлі күнге дейін Азаматтық кодексте сақталған. Олар жоспарлы экономика жағдайында қалыптасқан. Мемлекет нарықта ерекше субъект емес, басқалармен тең қатысушы болуға тиіс.

Үшіншіден, қарапайым адамның күнделікті қатынастары өзгерді. Бүгінде ипотека, үлестік құрылыс, тұтынушылық несие, онлайн сауда, цифрлық мұра деген бар. Кодекс осы қатынастарда әлсіз тарапты, яғни азаматты, қорғай алуы керек, ал оның қазіргі мәтіні бұған бейімделмеген.

- Жаңа Азаматтық кодексті конституциялық өзгерістерді іс жүзінде жүзеге асырудың келесі кезеңі ретінде қарастыруға бола ма?

- Иә, әрі бұл, меніңше, реформаның ең терең мәні мен қисынын ашатын мәселе. Заңгерлер Азаматтық кодексті «экономикалық қатынастардың конституциясы» деп атайды. Конституция мемлекеттің құқықтық негізін қаласа, Азаматтық кодекс меншік, келісімшарт, жауапкершілік және жеке-құқықтық қатынастардың негіздерін айқындайды. Сондықтан бұл екі құқықтық құжат өзара үйлесімді әрі сабақтас болуы керек.

1994 жылы бұл реттілік сақталмады. Азаматтық кодекстің Жалпы бөлімі 1995 жылғы Конституция қабылданғанға дейін әзірленіп, қабылданды. Яғни экономикалық қатынастардың құқықтық негізі мемлекеттің жаңа конституциялық негізінен бұрын қалыптасты. Өтпелі кезең жағдайында бұл мәжбүрлі қадам болған шығар, бірақ жүйелік тұрғыдан алғанда дұрыс болмады. Енді осы реттілікті қалпына келтіруге мүмкіндік туып отыр. Алдымен 2026 жылғы жаңа Конституция қабылданды, ендігі міндет – соған сәйкес жаңа кодекстер әзірлеу.

Жаңа Конституция адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің басты құндылығы ретінде айқындады. Меншікке қол сұғылмаушылық, кәсіпкерлік еркіндігі, адамның қадір-қасиеті, сот арқылы қорғалу құқығы сияқты іргелі қағидаттар конституциялық деңгейде бекітілді. Алайда азамат бұл құндылықтарды Конституция мәтінінен ғана емес, күнделікті өмірде нақты институттар арқылы сезінуі керек. Мәселен, оның пәтерін ешкімнің заңсыз тартып ала алмауы, заңды негізсіз өз үйінен шығарылмауы, жасасқан келісімшарттарының орындалуы, туындаған дауларының әділ шешілуі. Міне, осындай кепілдіктерді қамтамасыз ететін негізгі акт – Азаматтық кодекс. Егер Конституция жаңарып, ал Азаматтық кодекс бұрынғы қалпында қалса, онда конституциялық құндылықтар қағаз жүзінде ғана қалып қоюы мүмкін.

- Азаматтық заңнаманы жаңарту неліктен әрбір қазақстандық үшін маңызды? 

- Себебі Азаматтық кодекс – адам күнделікті өмірінде Конституцияға қарағанда жиірек жүгінетін заң. Конституция негізгі қағидаттарды айқындайды, ал Азаматтық кодекс күнделікті қатынастарды реттейді. Адам пәтер сатып алғанда, ипотека рәсімдегенде, келісімшарт жасасқанда, интернеттен тауар алғанда, көршісімен дау туындағанда немесе ата-анасынан қалған мұраны қабылдағанда азаматтық заңнаманың нормаларына сүйенеді. Осы қатынастардың құқықтық ережелерін Азаматтық кодекс белгілейді.

Қорытындылай келе, жаңа Конституция жаңа мемлекеттің құқықтық негізін қаласа, жаңа Азаматтық кодекс жаңа экономиканың және әрбір азаматтың күнделікті құқықтық кеңістігінің негізін қалыптастыруға тиіс. Сондықтан бұл реформаны тек заңгерлердің кәсіби мәселесі ретінде қарастыруға болмайды. Ол әрбір қазақстандықтың өміріне тікелей қатысты.

Айта кетейік, Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттары Үкіметпен бірлесе отырып, Жаңа Азаматтық кодексті әзірлеуге тез арада кіріскені жөн екені туралы айтқан болатын.