Марат Ахметжанов Көкшетаудағы жаңа ЖЭО құрылысы туралы: 2029 жылға қарай бүкіл қала жылумен қамтылады
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл жылу электр орталығының жобалық-сметалық құжаттамасы, уақытша нысандар, жол, ұңғымалар мен басқа да қажетті инфрақұрылым дайындалды.
— Келер жылы құрылыс жұмысы белсенді басталады. Сонымен қатар, қала инфрақұрылымы да әзірленіп жатыр. Сарыарқа шағын ауданында алғашқы жылу беру 2028 жылға жоспарланған, ал 2029 жылға қарай бүкіл қала жылумен қамтамасыз етіледі, — деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті туралы есеп бере тұрып.
Өңір басшысы келтірген мәліметке сүйенсек, қазір Көкшетау тұрғындары ай сайын тек суды жылытуға шамамен 9–10 мың теңге төлейді, ал жаңа жылу электр орталығы көптеген мәселені шешеді.
— Одан бөлек, біз 500 мың тұрғынға арналған қаланың жаңа бас жоспары әзірленіп жатыр. Оны Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында мақұлдады. Көкшетауды тартымды орталыққа айналдырып, тұрғындарға жайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз етуге дайынбыз, — дейді әкім.
Еске салсақ, 2024 жылы сәуірде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының энергетика министрліктері арасында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында ЖЭО салу жобалары бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Айта кетейік, былтыр Көкшетаудағы жылу электр орталығының құрылысы басталатыны айтылған еді.