Марат Ахметжанов Павлодар облысындағы жемқорлықпен күрес жұмыстарымен танысты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Марат Ахметжанов биылғы жылдың 19 тамызында Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Марат Ахметжанов Павлодар облысындағы жемқорлықпен күрес жұмыстарымен танысты

Сапар барысында ведомство басшысы мен облыс әкімі А. Сқақов Павлодар облысының Ситуациялық-талдау орталығының жұмысымен танысты. Орталық жедел басқару шешімдерін қабылдау және өңір дамуының аса маңызды көрсеткіштерін мониторингілеу, талдау және болжау үшін құрылған. Мұнда төраға мен аймақ басшысына «Е-нәтиже» ақпараттық жүйесінің жұмысы таныстырылды.

Сондай-ақ, Агенттік төрағасы өңір активімен кеңес өткізді. Өз сөзінде ол Агенттік қызметіндегі басты басымдық – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ескерту екенін атап өтті.

Мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылы бойынша қызметін бағалау жүйесі – превенцияның тиімді құралдарының бірі. Олардың қатарына, мысалы, мемлекеттік сатып алулардың ашықтығы мен заңдылығы, қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапкершілігінің жай-күйі, мемлекеттік органның ашықтығы мен қоғамдық пікір жатады.

«Бұл ретте, сыбайлас жемқорлық үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын ешкім жойған жоқ деп ерекше атап өткім келеді. Бұл зұлымдықпен біз барынша аяусыз күресетін боламыз», – деді М. Ахметжанов.

Ведомство басшысы барлық мемлекеттік органдарда жобалық басқаруды енгізу туралы тағы бір талап барын айтты.

«Бұл талап Үкімет Қаулысымен бекітілген. Жобалық басқару жүйесінің негізгі бағыттарының бірі – «сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл». Оны Агенттік үйлестіретін болады», – деп атап өтті спикер.

Одан әрі Антикор басшысы инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысып, ауыл шаруашылығы саласындағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен, «ҚазАгро» және микроқаржы ұйымдарының өкілдерімен кездесу өткізді. Агенттік төрағасы Президенттің тапсырмасы бойынша агроөнеркәсіп кешеніндегі субсидиялау саласына жүргізіліп жатқан ауқымды талдау туралы айтып берді.

Атап айтқанда, жүргізіліп жатқан жұмыстың аралық нәтижелері ұсынылды.

Осы ретте, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші болып табылмайтын кәсіпорындарға субсидия төлеу фактілері анықталды. Мысалы, Павлодар, Түркістан және Алматы облыстарында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысы жоқ 279 кәсіпкерлік субъектісіне асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау саласы бойынша 1 млрд теңгеге жуық субсидиялар берілді. Олар: сұлулық салондары, фармацевтикалық компаниялар, жылжымайтын мүлікті жалға беру, автокөлікті жөндеу және т. б.

Сөз соңында М.Ахметжанов мұндай немқұрайсыздықтың, жауапсыздықтың және ауыл шаруашылығы басқармаларының тарапынан бақылау болмауының салдарынан жалпы сала зардап шегіп отырғанын айтты.

Өз кезегінде, кездесуге қатысушылар өтінім беруден бастап субсидия берілгенге дейінгі аралықта ашықтықты қамтамасыз ету бойынша өз ұсыныстарын енгізді. Сондай-ақ, субсидия беру мәселелерінде сыбайлас жемқорлық пен бюрократия деңгейін төмендету, бизнесті жүргізуге кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді жою бойынша шаралар ұсынды.

Төраға сондай-ақ сапар барысында Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің өкілдгіне барды. Онда ол есепті кезеңдегі қызмет нәтижелерімен танысып, жеке құрамның алдына бірқатар нақты міндеттер қойды.