Марат Әзілханов: Шеттегі қандастарға қазақ тілін үйрететін онлайн-сыныптар санын көбейту керек
Кездесу барысында Қордың жұмысы, жекелеген салалардың ахуалы және биылғы жылдың жоспарлары туралы айтылды. Сондай-ақ, мәжіліске қатысушылар 5 мемлекетте (Ресей – Омск, Түркия – Стамбул, Германия – Берлин, Қырғызстан – Бішкек, Өзбекстан - Ташкент) ашылуы тиіс мәдени-іскерлік үйлері мен шетелдердегі қандастарға арналған қазақ тілін үйрену онлай-сыныптарын ашу жобаларын талқылады.
Қордың вице-президенті Мағауия Сарбасов шетелдердегі қандастар құрған қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуге арналған Меморандумдарға келісу ісі жалғасып жатқандығын жеткізді.
Бүгінде әлемнің 25 мемлекетінде 62 меморандумға қол қойылған. Сондай-ақ, М. Сарбасов әлемнің 12 елінде жалпы аудиториясы 800 адамды қамтитын 22 онлайн-сыныптың жұмыс істеп тұрғандығын айтты.
Өз кезегінде, Марат Әзілханов шет елдердегі мәдени-іскерлік үйлерді мазмұндық жағынан сапасын көтеру мен шет елдердегі қандастарды қазақ тіліне үйретуге арналған онлайн-сыныптар санын арттыруды тапсырды.