Марат Бәшімов: Сот реформасының мақсаты – парақорлықты жою

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сот реформасының мақсаты – парақорлықты жою және әділдік орнату. Мұндай пайымды Президенттің сот жүйесін реформалау бастамасына қатысты пікір білдірген Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры Марат Бәшімов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сот реформасының мақсаты – парақорлықты жою, әділдік орнату. Бұрын Жоғарғы сот тек істі жүргізуден бөлек, кадр, материалдық қамтамасыз ету мәселелеріне кірісетін. Әсіресе, мемлекеттік сатып алулармен айналысатын. Ол жерде миллиардтаған қаржы жүреді. Осыған байланысты Президент өз Жолдауында әділ сот қалыптастыру керек екенін айтты. Яғни, енді сот тек сот істерін қараумен, оларды әділ бағалаумен ғана айналысуы тиіс.

Мұнымен қоса, Мемлекет басшысы Сот төрағасы лауазымы судья лауазымы болып өзгеретінін мәлімдеді. Бұл – барлығының Конституциялық статусын теңесітіру үшін қажет. Мейлі аудан, мейлі қалалық соттың төрағасы болсын, олар бірінші кезекте іс қарауы керек. Қазір соттың басшысы тек менеджер қызметін атқарып жүр. Дәлірек айтсақ, сот төрағасы істерді бақылап, оларды ұйымдастырып қана отырады. Бірақ ешқандай ұсыныс бермейді. Сондықтан мұндай жүйеде жемқорлық басталады. Мәселен, Жоғарғы Соттың төрағасы да - қарапайым судья. Олар да енді іс қарауға көшуі керек», - деді Марат Бәшімов.

Бұдан бөлек, заңгер Президент Жолдауында көтерілген апелляция институтын реформалау бастамасын жүзеге асыруда соттың жұмысы мен оның шешіміне ешкім ықпал етпеуі тиіс екенін жеткізді.

«Апелляция – соттың екінші инстанциясы. Ол кезде соттар ешкімге бағынбауы керек. Ол істі тиісті заңдарға сәйкес қарап, әділ өтуін қамтамасыз етуі қажет. Бірақ ешкім ешкімге бағынбайды. Өйткені, олардың құқықтары тең. Қазір бізде қалай?! Барлығы Сот төрағасынан қорқады. Қарапайым судьялар жұмысымнан айырылып қаламын ба, деп алаңдайды. Мен талай шет елдің тәжірибесін көрдім. Онда сот ешкімге бағынбайды. Біреудің ықпалынан шыға алмау деген жоқ. Дербес шешім қабылдайды», - деп түйіндеді заңгер.


Соңғы жаңалықтар