Марат Бисенғалиев Бейжіңде концерт берді

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, бұл қойылым Credit Suisse банкінің «қытайдың тыңдармандарын классикамен жақын таныстыру» мақсатында, танымал әлем жұлдыздарын шақырып, тұрақты ұйымдастырып отыратын концерттердің бірі.
Марат Бисенғалиевтің айтуынша, ол Аспанасты елінің астанасына алғаш рет келіп отыр. «Бұған дейін мен Мәскеу симфониялық оркестрімен Гонконгта, ал былтыр Шанхай қаласында болғанмын. Енді Қытай мен оның елордасы - Бейжің мен жиі ат басын тірейтін нүкте болады, себебі Азиялық-Тынық мұхит өңірінің Оркестрлер альянсының президенті Го Шань ханым (Альянстың штаб-пәтері Бейжіңде орналасқан) мені Альянстың Директорлар кеңесіне мүше етіп таңдады. Осыған байланысты мен директорлар кеңесінің мүшесі, орындаушы және дирижер ретінде көп жоспарларымды Қытаймен байланыстырып отырмын», - деп хабарлады Марат Бисенғалиев.
Музыкант сондай-ақ 4 ақпанда Алматыда Азиада ойындарының аясында концерт беретінін айтты.
Марат Бисенғалиев - скрипкашы және дирижер. 1962 жылы Алматыда туған. П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясын тәмамдаған. Көптеген халықаралық конкурстардың лауреаты. 2003 жылы Батыс Қазақстан филармониялық оркестрін құрып, оған жетекшілік еткен. 2006 жылдан бері ол Мумбайда Үнді симфониялық оркестрінің директоры болып жұмыс істейді.