Марат Қарабаев Литва мен Латвия шекарасындағы көлік кептелісіне қатысты түсініктеме берді
Көлік министрі Марат Қарабаев Литва мен Латвия шекарасында көлік кептелісі оқиғасына қатысты түсініктеме берді. Бұған дейін қазақстандық жүк тасымалдаушылар кезекте 7-8 күн тұруға мәжбүр болғанын айтып шағымданған болатын, деп хабарлайды Каzinform агенттігінің тілшісі.
«Бұл қабылдаушы тараптың қосымша талаптары еді. Мәселе тек қазақстандық көліктерге қатысты емес. Беларусь аумағынан шығатын барлық автомобильдерге қатысты. Онда еуропалық және ресейлік көліктер бар. Қабылдаушы тарап тексеруге үлгермей жатыр», - деп түсіндірді министр.
Марат Қарабаев жетекшілік ететін вице-министрмен және Елшілік қызметкерлерімен сөйлескенін хабарлады. Оның айтуынша, қазір кезек қозғалып жатыр.
«Желіде шекарада 3,5 мың қазақстандық көлік тұрғаны хабарланды, бірақ бұл барлық елдерден келген көліктердің жалпы саны. Бұл қабылдаушы тарап үшін процедуралар бойынша қосымша уақытты қажет етеді. Әріптестеріміз шекарада 300 қазақстандық көлік туралы хабарлады», - деп қосты Марат Қарабаев.
Бұған дейін қазақстандық жүк тасымалдаушылар Беларусь, Латвия және Литваның шекарасындағы кезекке шағымданған болатын. Кейін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров отандастарымызға көмек көрсету үшін қандай шаралар қабылданатыны туралы айтты.