Марат Қожаев қозғалтқышты ұзақ қыздырғандарды жазалау нормасын сынағандарға жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM — Сенатор Марат Қожаев көлік қозғалтқышты ұзақ қыздырғаны үшін жазалау нормасын қайта қарау керек деп ұсынғандарға жауап берді.

— Қазір тұрғын үй ауласында автокөліктің қозғалтқышын 5 минуттан артық қыздырып тұрғандарға айыппұл салуды сынға алып, түрлі блогерлер «штрафстан» деп айтып жатыр. Мәселен, бір тұрғын үйде мыңдаған адам тұрып жатса, ол жерде тәртіп болуы керек қой?! Бекітілген ережелерді орындауы тиіс. Біздің заңнама дамыған елдердің заңдарынан кем емес. Нақты жоғарыда аталған норма 20 жыл бұрын қабылданған, — деді М. Қожаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар ол таяуда қозғалтқышты ұзақ қыздырғаны үшін жазалау нормасын қайта қарау керек екенін ұсынған Мәжіліс депутатына жауап берді.
— Әр депутат немесе қоғамдағы әр адам түрлі пікірді айта береді. Бірақ заң мен тәртіп қағидатын дамыту үшін бәріміз тәртіпті болуымыз керек. Тек өзіңді ғана ойламай, көршілер мен басқа да адамдарға зиян келтірмеу жағына да назар аударған жөн. Бұл норма не үшін қабылданды? Тұрғын үй кешенінің ауласында көліктің түтінін будақтатып қойсақ, жанған отынның зиянды заттары ауаға тарайды. Қозғалтқышы ұзақ қосылып тұрған автокөліктің дыбысы балалардың ұйықтауына да кедергі болып жатады. Сондықтан адамдардың мазасын алмау үшін осындай талаптар қарастырылды. Осы мәселелер заңмен реттеліп тұруы керек, — деді сенатор.
Айта кетейік, осы норма аясында айыппұл 5 АЕК сомасында қарастырылған. Ал осы талапты қайтадан бұзғандарға 10 АЕК айыппұл салынады.
Оның пайымынша, көлік қозғалыс кезінде тезірек жылынады.
— Жалпы, осының бәрі экология үшін маңызды. Заманауи көлік майлары ұзақ қыздыруды қажет етпейді. Сондықтан сенатор ретінде бұл норманы қайта қарастыруды қолдамаймын. Жолдағы кептеліс кезінде кейбір жаңа көліктердің қозғалтқышы автоматты түрде өшеді. Әрине, елімізде ескі көліктер баршылық. Бірақ уақыт өте келе жаңа көліктердің үлесі арта түседі, — деді Марат Қожаев.
Жақында Мәжіліс депутат Серік Ерубаев қатты аязды күндері автокөлікті жылытуға 5 минуттан көп уақыт кететінін айтты. Осы орайда ол көліктің қозғалтқышын ұзақ қыздырғаны үшін айыппұл салу нормасы қисынсыз екенін атап өтті.
Еске салсақ, 2024 жылғы қазан айына дейін Марат Қожаев Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары лауазымын атқарып келді. Президент Жарлығымен Марат Қожаев Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды.