14:44, 23 Ақпан 2023 | GMT +5
Марат Қожаев мектепке қаруланып барған бала неге қамалғанын түсіндірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Петропавлда мектеп оқушыларын балтамен жаралаған жасөспірімді қамауға алудың себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Осы оқиға бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдікті жасөспірім қамауда отыр. Сондықтан анасы баланың өкілі ретінде танылды. Тергеу кезінде ол қылмысқа не себепті барғаны, бұл оқиғаның деректері егжей-тегжейлі анықталады. Атап айтқанда, аса ауыр қылмыстар үшін қамауға алу шарасы қарастырылған», - деді М. Қожаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 13 ақпан күні Петропавлда 9 сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ ала келіп, 3 оқушыны жарақаттады. Кейін зардап шеккен екі балаға ота жасалды.
Ресми емес ақпаратқа сүйенсек, мектепке қаруланып келген бала психиатриялық есепте тұр.
Осы әрекеті үшін бұл оқушы 2 айға қамауға алынды.