Марат Оспанов атындағы қоғамдық қор көптеген игі шараларды атқаруды жоспарлап отыр
АСТАНА. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Қазақстан Парламенті Мәжілісінің алғашқы шақырылымының төрағасы, қоғам қайраткері Марат Тұрдыбекұлы Оспанов атындағы қор үстіміздегі жылы бірқатар шараларды атқаруды жоспарлап отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қоғам қайраткерінің зайыбы, Марат Оспанов атындағы қоғамдық қордың президенті Бақыт Ахметқалиқызы Оспанова әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыруда мемлекеттік ұйымдармен бірлесе қызмет етуді көздеп отыр.
«Аталмыш қордың міндеті - М.Оспановтың экономикалық және қоғамдық саяси, ғылыми мұраларын зерттеу және тәжірибеге енгізу, елдің дамуына рухани, ғылыми және материалдық үлес қосу»,- дейді қор президенті Бақыт Ахметқалиқызы.
Марат Оспановтың 60 жылдығын атап өтуге байланысты аталған қор көптеген іс-шаралар ұйымдастыруда. Екі кітап шығарды, Астана мен Алматы қалаларында ғылыми-тәжірибелік конференциялардың өтуіне атсалысты. Сонымен қатар жыл аяғына дейін бірқатар шараларды өткізу жоспарланған.
Қоғамдық қордың жастарды білім мен ғылымға ынталандыру мақсатында еліміздің экономикалық жоғарғы оқу орындарының студенттері арасында Марат Оспанов атындағы шәкіртақы тағайындау жөніндегі жобасы бар. Сол секілді Балалар әлеуметтік ұйымдарының тәрбиеленушілері арасындағы «Мейірім» балалар шығармашылық фестивалін өткізу, стипендия мен гранттар қорын құру арқылы ынталы студенттер мен жас ғалымдарды қолдау мақсаты көзделіп отыр. Үздік инновациялық жобаларға Марат Оспанов атындағы сыйлық тағайындау жобасы да іске асырылмақ.