Марат Оспановтың артында жақсы іс, жақсы із қалды - Бақыт Оспанова
АТЫ. ҚазАқпарат. Қыркүйектің 17-сі /Ербол Азанбек/ - Еліміздегі көппартиялы жүйенің, демократия мен қазақ парламентаризмінің негізін қалаушылардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, Марат Оспановтың туғанына дәл бүгін 60 жыл толды.
Сондай-ақ өмірден өткеніне де 10 жылдың жүзі болды. Өткен өмірге көз салу үшін қоғам қайраткерінің жары, Марат Оспанов атындағы қордың президенті Бақыт Оспановамен сұхбаттасқан едік.
- Бақыт апай, өткен өмірге бір оралып, Қазақ парламентінде жарқырап, жалындап, енді ғана тәуелсіз ел болған Қазақстанның заңдарын қабылдау, демократия қалыптастыру ісіне белсене қатысқан Марат ағамыздың бейнесін еске түсірсек. Қандай жан еді, қандай жар еді?
- Мәкеңнің өмірден өткеніне де 10 жылға жуықтады. Бірақ сонша уақыт өтсе де, арамыздан кеше ғана кеткендей. Айтқан сөздері, жүрген-тұрғаны, іс-қимылы еске түседі.
Былтыр Мәкеңнің атында қор құрғанбыз. Сол қор тарапынан жақында өзінің жарияланымдары, жазғандары, сұхбаттарынан, әріптестерінің естеліктерінен құралған кітап шығардық. Сол кітапты дайындау үстінде қатты таңғалдым. Бір күнін сұхбат бермей өткізбепті. Ойларын басында, жанында қалдырмай, мақсаттарын түгел айтып отырыпты. Барлық іске қатты асығатын. Тыңғылықты түрде бар жұмысты тез атқаруға ұмтылатын. Тура сөйлейтін. Кімге болса да тура айтатын. Бірақ қасында жүрген соң, өзім білем ғой, қатты айтып қойса, қатты уайымдайтын. Өте кішіпейіл еді.Үлкенге құрметті, кішіге ізетті еді. Бір ғана мысал айтайын, БАҚ өкілдері үшін әрқашан есік ашық болатын. Оларға сұхбатты өзі жазатын, өзі беретін. Мәжіліс болсын, той болсын жарқырап отыратын. Естеліктерде әріптестерінің, депутаттардың айтуынша, отырыс өткізгенде ол бір дирижер сияқты көрінеді екен. Мәжіліс төрінде отырып, қай депутаттың көңілі қандай, не ойлап отыр - бәрін сезіп отыратын дейді әріптестері.
Мәкеңнің әкесі Қазақ ССР-інің халық әртісі болған. Сол кісіден қалған ба, Мәкеңде бір әртістік қабілет те бар болатын. Қазақтың үлкен бір зиялы ортасынан шыққан еді. Өмір бойы сол зиялы ретінде өмір сүрді. Мақсатына жетпей тынбайтын. Әр істің түбіне жететін. Мысалы, Мәскеуде оқыса да, орыс тілді болса да, қазақ тілін керемет меңгерді. Домбыра үйренем деп домбыра алып, керемет тартуды үйренді. Абайдың әндерін керемет айтатынын әріптестері жақсы біледі. Бастысы отбасы дейтін. Жанұяңда бәрі жақсы болса, онда елімізде бәрі жақсы болады деген сөз басты ұраны еді. Соңғы 10 жыл өмірін саяси өмірге арнады. Сол 10 жылда көрнекті тұлға болып шықты. Тағдыр солай болған шығар. Жас кезінде өзі де қандай үлкен дәрежеге жеткенін, жетуге болатынын сезген жоқ. Сол соңғы 10 жылда үлкен істер істеді. Асығып істеді. Бәрін істеп үлгеруге тырысты. Қазір қарап отырсам, бір аққан жұлдыздай болды. Өмірден өтерінің алдында аяқ асты асығып үй салды. Үйдің іргесіне «болашақ ұрпақтарыма арнайы салынды» деп жазған капсулаға дейін салған еді. Қазір ойлаймын, Аллаһ-Тағалла асықтырған екен ғой деп.
Мәкеңмен 25 жыл бірге өмір сүрдік. Ғасырдың басында өзінің 50-ге толған тойын, күміс тойымызды жасаймыз деп ойлаған едік. Алайда қаңтар айында өмірден өтіп кетті.
- Марат ағаның артында қос тұяғы қалды. Ат тұяғын тай басар деген бар. Ол кісілер саясатқа араласуды ойламай ма?
- Мәскеңнің артында ұлы мен қызы қалды. Өзі педагог болды ғой. Ұлын қатты ұстады. Ал қызын қатты жақсы көретін. «Қызым мақтанышым болады, тура өзімдей, менің үмітім» деп отыратын. Өмірден өтерінің алдында не ойлағанын қайдам, мүмкін қолда өскен бала болған соң өмірді көрсін деді ме, оқу біткен соң ұлын Екібастұзға жұмысқа жіберді, ал бір күн көрмесе тұра алмайтын қызын Англияға оқуға жіберді. Екеуіне де қазір нарық заманы, болашақта қиналмайды, деп экономика саласын оқытты. Қазір Арсен 33-те. Көпжақты. Ғалым, экономика ғылымының кандидаты. Қолынан саясат та келеді. Музыкалық қабілеті бар. Бірақ саясатқа келем деген мақсаты жоқ. Қазір «Еуразия телеком» деген мекеменің директоры. Кім білсін, тағдыр жазып жатса, саясатқа да араласатын шығар. Мысалы Мәкең де 40-тан асқанда саясатқа келіп, танымал тұлға болды ғой. Ал қызым Айжан дизайнер, шығармашылық адамы. Сондықтан саясатқа араласады деп ойламаймын. Қызым үшін басты мәселе - жақсы жар, ана болу керек. Мәкеңнің де басты арманы сол болатын. Балаларымның мінездері тура әкесінікі. Өте риза боламын. Сондықтан Мәкең ылғи қасымда жүргендей болады.
- Өкінішіңіз бар ма?
- Өкініш әрине болады. Жұмыстан шаршап, немерелеренің қасына демалып отыра қалғанда өкініп қаласың. Мәкең осыны көру керек еді, өмірі неге тез өтті деп. 25 жыл да аз уақыт емес. Сол 25 жыл әдемілікке толы, бақытты ғұмыр болды. Соңғы уақытта арамыз тым жақын болып кетті. Өкінетінім, егер өмірі қысқа болатынын сезсем, қасында көбірек болатын едім, бәрі басқаша болатын еді, деп ойлаймын. Тағы бір өкінішім - соңғы тілегін айта алмай кетті. Соңғы сәтінде 80 күн ес-түссіз комада жатты. 2,5 ай қасында отырдым.Сонда ештеме айта алмай кетті. Бірақ тәубә дейтінім, осы уақытқа дейін Мәкең туралы ешкім жаман пікірін айтқан емес. Бәрі тек жақсы сөзін айтады. Кім есіне алса да тұлға есебінде еске алады. Бәрі өкінеді, сағынады, әріптестері де кеше көргендей болғанын айтып отырады. Бізді жұбататыны артында жақсы іс қалды, жақсы із қалды. Мәкең тәуелсіз Қазақстан тарихында жақсы атымен қалады деп ойлаймын.
- Былтыр Марат Оспанов атында қор құрдыңыз. Бұл жақсының атын өшірмеу үшін шығар. Қазір қандай бағытта жұмыс атқарып жатырсыздар?
- Мәкеңнің достарының, әріптестерінің көмегімен осы қорды құрдық. Ондағы мақсатымыз - артында жазған қағаздары, үлкен мұрағаты қалды, соның бәрін көрсетейік, көпшілікке жеткізу. Бұл қор тек қана Мәкеңді еске алуға арналған қор емес. Мәкеңнің ойға алған, жүзеге асыра алмай кеткен істерін жалғастыру, еліміздің дамуына үлес қосу. Осы бағытта қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып жүрміз. Экономикаға қатысты бірнеше семинар өткіздік. Бірнеше кітап шығардық. Бұдан бөлек бірқатар ірі жоспарлармыз бар. Мәкеңнің жақсы көретін бір сөзі бар еді, «Біз жақсы өмір сүруіміз керек» деген. Осы істер арқылы халқымыздың жақсы өмір сүруіне үлес қоссақ, деген ойдамыз.
Енді міне Мәкеңсіз 60 жылдығын өткізейік деп отырмыз. Бұл іске Парламент мәжілісі үлкен үлес қосып отыр. Қазанның 2-сінде кітаптарының тұсаукесерін, еске алу кешін өткіземіз. «Нұр Отан» ХДП-ның ұйымдастырумен Мәкеңнің жақсы көретін әндерінен концерт, сонымен қатар саясаткерлер, танымал тұлғалар арасында футбол турнирі өтпекші. Елге белгілі азаматтар футбол алаңына шығып, Мәкеңнін аруағы үшін ойнап жатса, дұрыс болатын еді деп ойлаймын. Бұның бәрі осылай істесем Мәкеңнің әруағы разы болады ғой деген оймен өткізіліп жатыр. Кейбір іске Мәкеңнің өзі алып келгендей, осылай істе дегендей болады.
- Рахмет!