«Марғұлан тілші боп жүрген жыл». - республикалық басылымдарға шолу

«Егемен Қазақстан» газеті өзінің 90 жылдық торқалы тойына арналған бүгінгі арнайы санында «Марғұлан тілші боп жүрген жыл» атты мақаланы жариялап отыр. Аты айтып тұрғандай, мақала атақты ғұлама Әлкей Марғұланның «Еңбекші қазақ» газетіне тілші ретінде араласқан қызметі туралы сөз етеді. «Егемен Қазақстанның» 90 жылдық тойы қарсаңында көп жай көңілге оралып, көп нәрсе еске түседі. Мәселен аға басылым атауының сегіз рет өзгертілуі...Соған орай қазір логотип деп аталып жүрген газет фирмаларының қай суретшілердің қолымен жазылып, қалай жарық көргендігі... Ойлап қарасақ осының өзі тарих қой»,- деп толғаған аталмыш басылымдағы келесі мақала «Газет аты қалай өзгерді?» деген сауалға жауап іздейді.
Сондай-ақ басылымның бүгінгі санындағы «Елбасы және «Егемен», «Сырласым, құрдасым», «Ұстаз», «Киелі босаға», «Жастарға қанат байлаған» сынды мақалалардың барлығы «Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдық мерейтойына арналады.
***
Кеше ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізде тіркелген барлық дипкорпус өкілдерін Ақордаға шақырып, үлкен кездесу өткізді.
Кездесудің егжей-тегжейін «Айқын» басылымының бүгінгі санындғы «Біз бастапқыдан-ақ дұрыс жолды таңдадық» деген тақырыппен берілген мақаладан оқи аласыздар.
Басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле» айдарында «Жібек жолының тініндегі ұлылықты кемеңгерлер ғана көре алады» деген тақырыппен академик Сағындық Сатыбалдинмен болған сұхбат жарық көріпті. Сұхбатта академик ҚХР-ның экономикалық реформаларының қалай басталғаны жайлы, Түрікмен газының Қазақстан арқылы Қытайға бұрылуы жайында және басқада өзекті мәселелер төңірегінде ой өрбітеді.
Кейінгі кездері қоғамда бірнеше фильмнің төңірегінде әртүрлі пікір, дау-дамай болып жүр. Көпшілік қауым, әсіресе, «Келін», «Тюльпан», «Қарой», «Ойпырым-ай», «Қайрат - чемпион» сынды дүниелерді сын садағына алуда. Осыған жауап ретінде «Айқын» газетінің бүгінгі санында «Бізден де бір ауыз сөз» деген тақырыппен кинорежиссер, Қазақстандағы «Оскар» комитетінің төрағасы Сатыбалды Нарымбетовтың мақаласы жарық көріпті.
***
«Дағыстанда 9 айлық Али Якубов деген нәресте бүкiл әлемнiң ақпарат құралдарын назарын өзiне аударды. Оған себеп - баланың денесiне хадистердiң жазылып шығатыны. Қасиеттi жазулар адамды тәубеге келiп, Аллаға мойынсұнуға шақырады. Ғажайып бала Дағыстанның Кизляр ауданының Краснооктябрь ауылында туған. Алидi көру үшiн бұл ауылға Солтүстiк Қап өңiрiнен күн сайын 300-400 адам келедi екен», - деп жазды «Жас алаш» газетінің сейсенбілік саны. Ғажайып баланың мән-жәйін газеттегі «Тоғыз айлық баланың денесiне хадистер пайда болуда» деген мақаладан оқыңыздар
***
«Ата-баба аңсап күткен тәуелсіздік бізге бір күнде келіп түскен жоқ. Өйткені , тәуелсіздік - жылдар, тіпті ғасырлар бойы жан аямай күресіп өткен батыр бабаларымыз бен ел бастаған хандардың, одан қалды, билердің ақ найзасының ұшының, ақ білегінің күшінің ерен ерлігі мен мұқалмас ерлік-жігерінің нәтижесінде келген ерлік». Осылай ой өрбіткен «Алтын орда» апталығының осы жолғы санындағы «Мың өліп, мың тірілген» тақырыбымен берілген мақала Қараұлы Бөкенбай батырдың өмір жолдарына арналыпты.
Сондай-ақ осы басылымда жарық көрген Сағат Арынұлының әйгілі Сәкен Сейфуллин туралы толғаған эссесі, «Сәлем де Көкшетаудың биігіне...» деген тақырыппен беріліпті.
«Казахстанская правда» басылымы да Елбасының кеше Жаңа жыл алдында елімізде тіркелген дипломатиялық корпус өкілдерімен кездескенін жазады. Сондай-ақ осы газет Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына АҚШ Президентінің жолдауы келгендігін жазыпты. Онда Барак Обама Қазақстан Президентін республиканың тәуелсіздік күнімен құттықтаған.
«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Кәрім Мәсімовті қабылдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. К.Мәсімов Елбасын 2009 жылғы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы және 2010 жылғы жоспарлар жайымен таныстырған. Сондай-ақ кездесу барысында «Қазақстан-2020» мемлекеттік стратегиясын жүзеге асырудағы негізгі аспектілер талқыланған.
Осы басылымның жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулинді қабылдаған. Кездесу барысында Н.Нығматулин партияның кезектен тыс ХІІ съезінде берілген тапсырмаларды, Халықтық тұғырнаманы жүзеге асыру барысымен таныстырған.
«Мәскеуде Қазақстанның құрметіне метро стансысы аталады», деп хабарлайды «Экспресс-К» газеті. Арбат-Покровский желісіндегі Строгинск учаскесінің «Мякинино» стансысы енді «Қазақстандық» деген атауға ие болады. Қаулыға таяу күндері Мәскеу мэрі Юрий Лужков қол қоймақ.