«Марибор» - «Астана» матчының трансляциясы көрсетілмейтін болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен «Астана» ФК бірлескен мәлімдеме таратты.
«Бұдан бұрын хабарланғандай, УЕФА Чемпиондар лигасының 2 біліктілік раунды «Марибор» - «Астана» матчының тікелей трансляциясы өкінішке қарай өткізілмейтінін хабарлаймыз.
Словенияның телевидениесі матчтың трансляциясынан себептерін түсіндірместен бас тартты. Ол туралы «Марибор» футбол клубы хабарлады. Бұдан бұрын аталған трансляция «Қазақстан» телеарнасында 14 шілде күні сағат 00.30-да, ал келесі күні, яғни 15 шілде күні екі рет қайталаумен «Kazsport» телеарнасынан көрсетіледі деп жоспарланған болатын.
Қазіргі уақытта балама нұсқаны іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Трансляция «Марибор» клубының сайтында жүргізілуі мүмкін. Бұл туралы қосымша хабарланатын болады», - деп жазылған мәлімдемеде.