Марихуана мен гашиштің ірі партиясымен қылмыстық топ ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында ұйымдасқан қылмыстық топтан марихуана мен гашиштің ірі партиясы тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Марихуана мен гашиштің ірі партиясымен қылмыстық топ ұсталды

«Жамбыл облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өсімдік тектес есірткі құралдарын (марихуана, гашиш) дайындаумен, тасымалдаумен және еліміздің басқа өңірлеріне өткізумен (биылғы мамыр айынан бастап) айналысып келген Жамбыл облысы Шу ауданының 5 тұрғынынан тұратын қылмыстық топты құрықтады.

14 қазанда жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың барлық қатысушыларын бір мезгілде ұстау жүзеге асырылды.

Тінту барысында жалпы салмағы 100 келiден асатын есірткі құралдарының (марихуана және гашиш) ірі партиясы, сондай-ақ Ақсу автоматы, 5,45 мм калибрлі 30-дан астам патрон тәркіленді», - делінген хабарламада.

Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу), ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігімен (Есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен заңсыз жұмыс істеу) және ҚР ҚК 287-бабымен (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ұсталғандардың барлығы ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды.



Фото: polisia.kz