Марина Зуева Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды
АЛМАТЫ. 25 тамыз. ҚазАқпарат - Бакуде әйелдер күресінен 23-24 тамызда жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында қазақстандық палуан қыздар 1 күміс, 2 қола медаль иеленді.
Онда жарыстың алғашқы күні ел қоржынына Светлана Анкичева (38кг) күміс, Ирина Борисова (43кг) қола жүлде салған болатын. Кеше Марина Зуева (40 кг) да Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ал Мадина Бақбергенова (52 кг) моңғолиялық Ойдун-Эрдене Эденбатарға, Ирина Казюлина (60 кг) швециялық Тириса лина Пирсонға ұтылды. Гүлмарал Еркебаева (70 кг) 1/8 финалда үндістандық Кевитой Кевитаны, ширек финалда германиялық Фрэнси Рэйдалтиді ұтқанымен, жартылай финалда швециялық Моа Лена Мария Нигренге есе жіберді. Командалық есепте 66 ұпаймен Жапония бірінші, 63,3 ұпаймен Ресей екінші, ал 57 ұпаймен Украина мен Әзірбайжан үшінші орын алды.
Былтыр Будапеште өткен Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 қола олжалаған еді. Онда Екатерина Ларионова (60 кг) Әлем чемпионы, ал Светлана Анкичева (38 кг) қола жүлдегер атанған болатын.