Марк Цукерберг қытай тілінде еркін сөйлейтінін паш етті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Facebook басшысы Бейжіңде Цинхуа университетінде қытай тілінде еркін сөйлейтінін көрсетті. Цукерберг бұл бейнежазба үзіндісін Facebook-тағы өзінің парақшасына салған.
Facebook-тың негізін қалаушы және бас директоры 22 қазанда 30 минуттық сұрақ-жауап сессиясына қатысты. Цукерберг қытай тілінің мандариндік диалектісінде сөйледі.
Оның жазбасына пікір білдірген қытайлық ғаламтор пайдаланушылары Цукерберг шынымен де қытай тілінде еркін сөйлейтінін, тіпті әзілінің өзі көңілге қонымды екенін жазады. Марк Цукерберг өз қалауымен қытай тілін 2010 жылдан бастап үйрене бастаған, деп жазды Mashable.
«Қытай мәдениетіне деген қызығушылығым ерекше болды, оны терең танып-білу үшін тілді білу аса маңызды», - дейді ол.
Цукербергтің айтуынша, сұрақ-жауап сессиясы барысында адамдарды ғаламтор желісіне көптеп тарту, Internet.org жобасы және Facebook-тың даму кезеңдері талқыланды.
Айта кетейік, Цукербергтің жұбайы Присцилла Чан американдық қытай қызы.