Марк Цукерберг Сан-Франциско ауруханасына 75 млн. доллар қайырымдылық қаржыны сыйға тартты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдегі ең ірі Facebook әлеуметтік желісінің бас директоры Марк Цукерберг пен оның зайыбы Присцилла Чан Сан-Францискодағы ауруханалардың біріне 75 млн. долларды қайырымдылықпен сыйға тартты, деп хабарлады ТАСС.

Марк Цукерберг Сан-Франциско ауруханасына 75 млн. доллар қайырымдылық қаржыны сыйға тартты

«Бұл ақшаның біз үшін үлкен маңызы бар. Олар жаңа жансақтау бөлімі мен травматология орталығының құрылысына жұмсалады», - делінген медициналық мекеменің мәлімдемесінде. Цукербергтің жәрдемі 1994 жылы ашылған аурухананың тарихындағы ең үлкен қайырымдылық шарасы болды.

Facebook-тің негізін қалаушы ол берген қаражат медициналық қызметтерді Сан-Францисконың барлық тұрғындары үшін одан да қолжетімді ететінін атап өтті. «Біз әрбір адам сапалы медициналық қызмет көрсетуге қол жеткізуі тиіс деп ойлаймыз. Сан-Франциско - біздің үйіміз, біз мұнда тұрып, өмір сүрудеміз, сондықтан адамдарға пайда тигізгіміз келеді», - деп түсіндірді өз әрекетін Цукерберг.

Forbes журналының мәліметтерінше, 30 жастағы Цукерберг Американың ең жомарт миллиардерлерінің тізімінде төртінші орында тұр. 2013 жылы ол Кремний алқабы қорларының біріне әлеуметтік желінің акциялары түрінде 991 млн. доллар берген. Бұл ақша негізінен түрлі білім беру бағдарламаларына жұмсалған. Бұдан басқа, өткен жылдың соңында Цукерберг Батыс Африкада Эбола індетінен туындаған аурумен күреске 25 млн. доллар бөлді.