«Марко Полоның Жібек жолы» фильмі Миланда көрсетіледі

Фестиваль Италия киноиндустриясындағы үш құрлықтың мәдениетін елу жылдан бері жалғап тұрған бірегей және жалғыз шара. Аталған фестиваль барысында «Ли және ақын», «Қарсы беттегі үй», «Октябрь» және өзге де туындылар кең танымалдылыққа ие болды. Биылғы кинофестиваль бағдарламасына 60-қа жуық фильм енген.
«Марко Полоның Жібек жолы» атты қазақстандық ғылыми-көпшілік фильм 23 наурыз күні 18:00-де Спацио Обердан кинотеатрында италиялық көрермендер назарына ұсынылады.
Фильмді 2016 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысына орай, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты италиялық және қытайлық әріптестерімен бірлесіп түсірді. Америкалық танымал документалист Марио Дюкордей фильмнің тең продюсері атанды. 2017 жылы Қытайда, АҚШ-та және Еуропада фильм көрсетілімін ұйымдастыру жоспарланған.
«Марко Полоның Жібек жолы» ғылыми-көпшілік фильмі италиялық танымал көпес Марко Полоның Ұлы дала бойындағы саяхаттары туралы кітабының желісі бойынша түсірілді. Картинада негізінен Орталық Азия мен бүгінгі Қазақстан аймағын сипаттауға айрықша маңыз беріледі. Режиссердің ойы ғылыми сұхбат, тарихи реконструкция мен этнографиялық фильм үйлесімі негізінде құрылған. Жетекші қазақстандық және шетелдік тарихшы-сарапшылар Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтымен қазақ тіліне алғаш рет аударылған Марко Полоның «Әлемнің әралуандығы» атты кітабының бірегейлігі туралы баяндайды.
Еске сала кетсек, 27 желтоқсан күні елордада ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен «Марко Полоның Жібек жолы» атты ғылыми-көпшілік фильмінің премьералық көрсетілімі өтті.