Мароккода 24-ші «Құмдағы марафон» басталды
РАБАТ. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат – Мароккода «Құмдағы марафон» басталды.
Осымен 24-ші рет өткізіліп отырған бұл жарысқа қатысушы атлеттерді Сахара шөлі арқылы өтетін 220 шақырымдық қашықтық күтіп тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ИТАР-ТАСС агенттігіне сілтеме жасап. Бірнеше кезеңге бөлінген арақашықтың ең ұзақ бөлігі - 80,5 шақырым. Ол аралықты марафоншылар ертең, сәрсенбі күні басып өтеді. Марокконың оңтүстігіндегі Эрг Чебби деген жерде кеше басталған бұл марафонға 16 мен 72 жастың аралығындағы 830 атлет қатысуда. Бес күндік марафон мен бір күндік демалыстан тұратын құмдағы жарыс сәуірдің 4-і күні Лезбан деген жерде аяқталады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарнамадан және демеушілерден түсетін қаражаттың барлығы Марокконың Уарзазат қаласындағы балалар үйіне аударылады.