Мароккодағы жер сілкінісі кезінде зардап шеккен Қазақстан азаматтары жоқ - СІМ
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мароккодағы жер сілкінісі кезінде зардап шеккен Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мароккода Елшілігіміз бар. Елшілік қызметкерлері мен басқа да қазақстандықтарды қосқанда 30-дан астам азаматымыз тұрады. Барлығы аман-есен. Ешкім зардап шеккен жоқ. Бәрімен байланысып отырмыз. Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың арасында Қазақстан азаматы жоқ», - деді Айбек Сдамияров ведомствода өткен брифингіде.
Естеріңізге сала кетсек, 8 қыркүйекте Мароккода қуатты жер сілкінісі болды. Елдің Ішкі істер министрлігі таратқан соңғы дерекке сәйкес, зілзаладан қаза тапқандар саны 2 012 адамға жетті. 2059 тұрғын жараланды, оның 1404-інің жағдайы өте ауыр.