Маршалл аралдарында парламент ғимаратының бір бөлігі өрттен жойылды

АСТАНА. KAZINFORM — Маршалл аралдары Республикасында ірі өрт оқиғасы тіркеліп, Парламент ғимаратының шамамен жартысы жанып кеткен, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

Маршалл аралдары
Фото: Азертадж

Агенттік Reuters-ке сілтеме жасап хабарлағандай, бұл туралы елдің өртке қарсы қызметі мен полициясы таратқан баспасөз хабарламасында айтылған.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел жетіп, жалынды оқшаулаған. Алайда билік өкілдері ғимараттың қалған бөлігі де пайдалануға жарамсыз екенін мәлімдеді, себебі құрылымдық бұзылулар өте күрделі.

Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.

Маршалл аралдары архипелагы Тынық мұхитының орталық бөлігінде, Гавайи мен Аустралияның арасында орналасқан. Халқы шамамен 42 мың адамды құрайды, соның жартысына жуығы ел астанасы Маджурода тұрады.

Бұдан бұрын Мальдив аралдарының қоршаған ортаны қорғау министрі президент Мохаммед Муизге «қара сиқыр» қолданғаны үшін қамауға алынып, қызметінен уақытша шеттетілгені белгілі болды.