Марсқа 165 мың адам ұшуға тілек білдірді

АСТАНА. 31 тамыз. ҚазАқпарат - 2023 жылы Марсқа адамдар аттандыру жөніндегі голландтық Mars One компаниясының жобасына 170 мыңға жуық адам өтінім жолдады. Ғарыштық жобаның құны 6 миллиард долларды құрайды, деп хабарлады Утро.ру.

Марсқа 165 мың адам ұшуға тілек білдірді

Жоба сайтының хабарлауынша, ең соңғы өтінім беру күні - 31 тамызға дейін 140 елден 165 мыңнан астам адам өтінім беріп, 5 доллардан 75 долларға дейін ақшасын төледі. Компанияның негізін қалаушы және бас директоры Бас Дансдорп "жаңа нәсілге" кемінде миллион Жер тұрғындары жазылады деп пайымдаған болатын.

2015 жылға қарай еріктілерден 24 адам іріктеліп, бірнеше жыл бойы жаттығудан өтеді. Қоныстанушылардың алғашқы төрттігі Марсқа 2022 жылы аттанбақ, олардың онда барып түсуі 2023 жылға жоспарланған. Бір жаққа ұшудың өзі жеті айға жуық уақыт алады. Одан әрі екі жылда бір рет жаңа қонысқа төрт адамнан ұшып тұратын болады. "Бүкіл әлем бұл сапарды бақылап, асыға күтеді", - деді физикадан Нобель сыйлығының лауреаты Жерар Хоофт.

Mars One өз шығындарын ақтау үшін ғаламшараралық ТВ-шоу ұйымдастырып, алғашқы және одан кейінгі экипаждардың даярлануының бүкіл үдерісін тікелей эфирде көрсетпек.

Mars One жоба ауқымында 2016 жылы Марсқа байланыс спутнигін аттандырып, екі жылдан кейін онда марсоходты жібермек. Ол жаңа колонияның қоныстанушыларына ыңғайлы жер іздейді. 2020 жылға қарай Қызыл ғаламшарға онда ұшып баратындарға өмірлік қажетті нәрселер жеткізілмек.