Марстан ұшып келген тас ғалымдарды қайран қалдырды
АСТАНА. 11 наурыз. ҚазАқпарат - Ғалымдардың айтуынша, 2011 жылы шілде айында Марокко жеріне жауған жаңбырмен бірге түскен метеориттер Марстан ұшып келген, деп хабарлайды Утро.ру.
Осындай жаңалықтың жариялануы сол-ақ екен, ол тастардың құны шарықтап шыға келді.
Қазір олар алтыннан 10-20 есе қымбатқа бағаланып отыр. Ғалымдар мен жекелеген коллекционерлер бағасына қарамай сол тастарды сатып алуының арқасында жергілікті пысықай марокколықтар байлыққа белшесінен батып қалған.
Марс тастарының жаууы адам баласы ғарышты зерттей бастағаннан бергі 5-ші «ғарыштық жауын-шашын» болды. Ең қызығы, АҚШ пен Ресейдің Марстан бір түйір топырақ әкелмек болып жасаған қаншама сапарлары сәтсіз аяқталып жатса, африкандықтар ешқайда ұшпай-ақ, марстың «сарқытына» қарық болыпты. Гипотеза бойынша, әлгі метеориттер осыдан бірнеше миллион жыл бұрын Қызыл ғаламшарға ірі астероидтың келіп соқтығысуы кезінде пайда болған екен.