Мәртебелі меймандармен кездесулер өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шет мемлекеттің бірқатар мәртебелі меймандарымен кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Елбасы Испания Корольдігі Депутаттар конгресінің төрайымы Ана Пастормен жүздесті.

Мәртебелі меймандармен кездесулер өткізді

Елбасының Испания Корольдігі Депутаттар конгресінің төрайымы Ана Пастормен өткен кездесуінде екіжақты байланыстардың бірқатар мәселелері айтылды. Бұл жүздесудің ең бір маңызды тұсы Президент Н.Ә.Назарбаевқа Испания Королі VI Фелипенің атынан Католиктік Изабелла Орденінің табыс етілуі болды. Бұл Испания елінің екі жақты әріптестікті дамытудағы Елбасы еңбегін лайықты бағалағаны, әрине. Аталған Орденді Испания Корольдігі Депутаттар конгресінің төрайымы Ана Пастор табыс етті.

«Аса мәртебелі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мырза, жоғары корольдік құрмет ретінде, Сізді Католиктік ¬Изабелла Орденімен марапаттаймын» делінген Корольдің жарлығында. Елбасы өз сөзінде еліміз тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап Испания Корольдігімен байланыс орнатып, өзара сенімді екіжақты қарым-қатынастарға қол жеткізгенін айтты.

Осы жылдар ішінде ¬Испания Қазақстанға өз қолдауын көрсетіп келе жатқанын тілге тиек етті. «Испания Королі VI Фелипе Қазақстанға ресми сапармен келіп, «ЭКСПО - 2017» халықаралық көрмесінің ашылуына қатысты. Біз үшін бұл зор мәртебе» деді. Мемлекет басшысы Испания Королі VІ Фелипе мен үкіметіне жоғары марапаты үшін жылы лебізін білдіріп, Король І Хуан Карлос пен оның жұбайы София Патшайымға амандық және табыс тіледі.

Қазақстан Президенті елімізге сапармен келіп, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде Испания павильонының ашылуына қатысқаны үшін А.Пасторға алғыс айтты. - Көрмеміздің ашылу салтанатына 17 шет мемлекеттер және үкіметтер басшыларымен бірге, Испания Королі VI Фелипе де қатысқан болатын.

Біз осы іс-шара аясында жүздестік. Аса мәртебелі Испания Королі Қазақстанға қызығушылық танытып, бірқатар іскерлік кездесу өткізді, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев елдеріміз арасында екіжақты достық қарым-қатынас орнағанын, экономика мен саясаттағы байланыстарымыз жемісті дамып келе жатқанын айтып, халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ұстанымдарымыз ұқсас екеніне тоқталды.

«Қазақстанға сапары кезінде Аса мәртебелі Испания Королімен бірге Испанияның іскер топтар өкілдері мен үкімет мүшелері келді. Олар Қазақстандағы әріптестерімен жемісті келіссөздер өткізді», - деді Қазақстан Президенті.

Испания Корольдігі Депутаттар конгресінің төрайымы мемлекеттеріміз арасында достық қарым-қатынас орнағанын айтып, Испания делегациясына дәстүрлі түрде қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдірді.