Маржықбаев франциялық туристерді V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақырды

Маржықбаев
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Париждегі жазғы Олимпиада және Паралимпиадаға дайындық жөніндегі штаб қабырғасында Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дидье Канесспен кездескен Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев франциялық туристерді қуана қарсы алатынын айтты. 

Ермек Маржықпаев екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі туризм екенін атап өтті.

«Франция – бүкіл әлемдегі туристер үшін ең тартымды елдің бірі. Көптеген музей, ортағасырлық ғимарат, табиғи ландшафттың таңғажайып әралуандағы кез келген туристі бей-жай қалдырмайтыны сөзсіз. Біздің еліміз де қолайлы географиялық жағдайға ие екенін айтқым келеді. Ерекше қорғалатын табиғи аймақтар ел аумағының 10%-дан астам жерін алып жатыр. Қазақстанда заманауи туриске қажет дүниенің бәрі бар деп сеніммен айта аламын. Біз Франциядан келген туристерді қабылдауға және еліміздің бірегей табиғатын көрсетуге дайынбыз», - деді Ермек Маржықпаев.

Франция 2022 жылдан бері Олимпия ойындары қарсаңында Олимпиада қағидаттарын насихаттау мақсатында «әлем бойынша эстафета» спорттық іс-шарасын өткізіп келеді. Министрлік бұл бастаманы жыл сайын қолдайды. Бұл ретте, биыл наурыз айына жоспарланған эстафетаны ұйымдастыруға көмектесуге дайын. Министр аталған іс-шара аясында Париждегі Олимпиадаға билет ұтысын ұйымдастыруды ұсынды.

Сондай-ақ ведомство басшысы франциялық делегацияны және спортшыларын V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырды.

Франция елшісі Дидье Канесс екі елдің туризм және спорт саласындағы ынтымақтастығына қызығушылық білдіріп, Қазақстан спортшыларына Париждегі Олимпия ойындарында табысты өнер көрсетуін тіледі.

Соңғы жаңалықтар