Мас атыраулық 20 күнге қамалып, жүргізуші куәлігінен 7 жылға айрылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Мас атыраулық 20 күнге қамалып, жүргізуші куәлігінен 7 жылға айрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мас атыраулық 20 күнге қамалып, жүргізуші куәлігінен 7 жылға айрылды

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, мас жүргізуші электр бағанасына соғылған.

«Ехсееd автокөлігінің жүргізушісі 28 маусымда жергілікті уақытпен 17:40 шамасында Атырау қаласының Құттығұлов-Еркінов көшелерінің қиылысындағы электр бағанасына соғылды. Жол-көлік оқиғасына жүргізушінің орта дәрежелі мас күйде көлік рульіне отырғаны себеп болған. Жүргізушінің алкогольдік ішімдік ішкені медициналық сараптама қорытындысымен дәлелденді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Патрульдік полиция баталонының қызметкерлері жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 3-бөлімімен (Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан әрекеттер ) әкімшілік хаттама толтырды. Атырау облысының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен жүргізуші 7 жыл мерзімге жүргізу құқығынан айрылып, 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Еске сала кетелік, Атырауда мас жүргізушінің бірі 20 күнге қамалып, екіншісі 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылғанын жазған едік.

Жүргізуші куәлігі жоқ ер адам көлік рульіне орта дәрежелі мас күйде отырған. Ол 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Ал, мас күйде көлік жүргізген әйел 7 жылға жүргізуші куәлігінен айрылды.

Кейін Атырауда ішімдік ішкен шетелдік 15 тәулікке қамалып, жүргізуші куәлігінен айрылғанын хабарлаған болатынбыз.