Мас күйде бөтеннің көлігін бүлдірген атыраулық 5 күнге қамалды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының тұрғыны мас күйде біреудің көлігінің үстіне шығып, қасақана бүлдірген. Сот қаулысымен ол 5 күнге қамауға алынды.

Атырау қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында мас тұрғынға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 147-1-бабының 1-бөлігімен (Бөтен мүлікті қасақана бүлдіру) әкімшілік іс қаралды.
Сот талқылауында анықталғандай, оқиға 13 мамырда болған.
– Ж. алкогольдік ішімдік ішкен орта дәрежелі масаң күйде сағат 7.00 шамасында EXEED LX автокөлігінің үстіне шығып, аяғымен төбе бөлігін майыстырған. Осылайша, бөтеннің мүлігін қасақана бүлдірген. Оның кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, басқа да іс материалдармен расталды, -деп хабарлады аталған соттан.
Сот әкімшілік жаза қолданбас бұрын құқық бұзушы Ж.-ның кінәсін мойындап, әрекетіне өкінгенін жауаптылығын жеңілдететін мән-жай ретінде таныды.
– Сот қаулысымен Ж. әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза қолданылды, -деп мәлім етті соттан.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 2 жасөспірімге қасақана дене жарақатын салған күдіктілер ұсталғанын жазған едік.