Мас күйде ұсталған Ұлттық бюро қызметкері жұмыстан босатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкері мемқызметкерге лайықты емес мінез-құлқы үшін жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мас күйде ұсталған Ұлттық бюро қызметкері жұмыстан босатылды

Келтірілген мәліметке сәйкес, Байшиғашев қоғамдық орында мас күйде жүрген.

«30 қаңтар күні мас күйде мемлекеттік нөмірі 247 NMA/01 «Toyota» маркалы автокөлікпен жүрген А.О.Байшиғашев, Астана қаласының ІІД ЖПҚ жол-полициясы қызметінің өкілдеріне өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеушісі ретінде таныстырған. Құқық бұзушы мен оның қызметтік куәлігі смартфонның камерасына түсіріліп, видео әлеуметтік желіге жарияланып кеткен», - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Тәртіптік комиссия А.О.Байшиғашевтің қоғамдық орында мас болып жүруі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін орган қызметкерлерінің беделіне нұқсан келтіреді деген шешімге келді. Бұл өз кезегінде  ҚР мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексіне қайшы.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының ішкі қауіпсіздік басқармасы аталған жағдай бойынша қызметтік тергеу жүргізіп, материалдың барлығын зерттеді. Нәтижесінде, аталған қызметкерді жұмыстан босату туралы шешім қабылданды.