Мәселені реттейміз – Роман Скляр Президенттің «ұшақ билеті қымбат» деген сыны жайлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Президенттің «ұшақ билеті қымбат» деген сынына қатысты мәселе реттелетініне уәде берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің ойымша, біз бұл мәселені реттейміз. Алайда халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, сапарыңызды алдын ала жоспарлап, билетті ертерек сатып алған жөн. Сол кезде билет бағасы да тиісінше арзанға түседі. Ал біз сапар алдында бірнеше күн бұрын ғана билетті алсақ, онда әлбетте, билет қымбатырақ болады», - деді Роман Скляр Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Энергетика министрлігі 100 пайыз әуе компанияларын авиакеросинмен қамтамасыз етіп отыр.

«Біз авиакеросинді енді шетелден сатып алмаймыз. Біздің зауыттар оны жеткілікті дәрежеде өндіруде. Бағаны реттеу жұмысы жақын арада шешімін табады. Біздің ірі әуе компаниялары авиаотынды тікелей трейдерлерден делдалсыз сатып алады. Ал біз арқылы өтетін транзиттік әуе компаниялары авиаотынды әуежайлардан сатып алып жатыр. Міне, осы ретте делдалдардың саны мен бағасы бойынша (...) ҰЭМ-мен, табиғи монополияларды реттеу комитетімен біз бұл мәселемен белсенді түрде айналысамыз», - деді Роман Скляр.

Еске сала кетсек, Қазақстан халқына күні кеше Жолдауын жариялаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда ұшақ билетінің қымбат болуына қатысты сын айтқан болатын.

«Мәселен, неліктен негізгі авиатасымалдаушының авиабилеттері еуропалық бағаға қарағанда 30 пайызға дейін қымбат? Біздің әуежайлардың қызмет бағалары неліктен жоғары? Неге шетелдік әуе тасымалдаушылары үшін авиаотын отандық тасымалдаушыларға қарағанда қымбатқа сатылады? Осының салдарынан қазақстандық авиация саласы өзінің халықаралық бәсекеге қабілетін жоғалтып, елдің транзиттік әлеуеті азайып барады», - деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.


Соңғы жаңалықтар