Машина жасау саласында 120 мың қазақстандық жұмыс істейді
Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев Қазақстан машина жасаушыларының ІХ форумында айтты.
«Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру жылдарында салада 4 есе өсім байқалып, ең жоғары қарқын көрсетті. Өңдеуші өнеркәсіптегі саланың үлесі 9%-дан 14%-ға дейін артты.
Салада 3 мыңнан астам кәсіпорын, оның ішінде 64 ірі, 102 орта және 3020 шағын компания жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындарда шамамен 120 мың адам жұмыс істейді», - деді вице-министр.
Сондай-ақ, ол әсіресе атомобиль жасау саласында елеулі серпін болғанын еске салды.
«Саланың автомобиль жасау – өсім 40 есе, ауыл шаруашылығы машинасын жасау – өсім 12 есе, темір жол машинасын жасау – өсім 8 есе сияқты секторлары серпінді дамуда. Индустрияландыру картасы және өңірлердің кәсіпкерлігін қолдау карталары шеңберінде 470 млрд теңгеге жуық сомаға 150-ден астам жоба іске қосылды. 16 мыңға жуық жұмыс орны құрылды», - деді Марат Қарабаев.