Маск пен Цукерберг террорлық контентті өшіріп отырады

Еуропалық одақ технология алыптарын лаңкестік контентке қарсы шара қабылдауға шақырды. Олай болмаған жағдайда күрделі заң санкциялары салынуы мүмкін. Бұл мәселе ХАМАС Израильге шабуыл жасағаннан кейін көтеріліп отыр, деп хабарлайды Kazinform.

х фейсбук
Фото: vecteezy.com және twitter.com/elonmusk

Мәліметке сүйенсек, мұндай талап қақтығысқа қатысты фейк жаңалық пен видеолар көптеп тарап кеткеннен кейін енгізілген.

Еуроодақ ескертуі ірі технология компанияларының басшыларына, оның ішінде Илон Маск пен Марк Цукербергке бағытталды. Олар енді еуропалық заңнаманың орындалуын қатаң бақылауы керек.

Bbc-дің жазуынша, Маск пен Цукербергке жазған хатында Ішкі нарық мәселелері бойынша Еуроодақ комиссары Тьерри Бретон оларға өз платформаларындағы зиян контентті бұғаттап, ол туралы Еуроодаққа хабар беруге 24 сағаты бар екенін мәлім етті.

Бұл ережелер орындалмаса компанияның жылдық табысының алты процентіне дейінгі мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін.

ЕО нақты қандай контентті жалған ақпарат деп санайтынын нақтыламады.

Сол аралықта, Илон Маскқа тиесілі Х әлеуметтік желісі (бұрынғы Twitter) ХАМАС-пен байланысты жүздеген парақша өшірілгенін хабарлады. Сонымен қатар мыңдаған пост жойылған. Бұл туралы ЕО Ішкі нарық бойынша еурокомиссары Тьерри Бретонға жолдаған хатында жазылған, деп мәлім етті ВВС.