«Мәскеу биржасына» салынған санкция Қазақстанның инвестициялық климатына қалай әсер етеді – СІМ жауабы

«Мәскеу биржасына» салынған санкция Қазақстанның инвестициялық климатына қалай әсер етеді – СІМ жауабы
Фото: azertag.az

АСТАНА. KAZINFORM –  Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствоның баспасөз  мәслихатында  «Мәскеу биржасына» салынған санкцияның Қазақстанға әсері туралы пікір білдірді.

«Өткен аптада «Мәскеу биржасы» еуромен, доллармен сауда-саттық жасауды тоқтататыны белгілі болды. Қазір Ресей ресми түрде юаньмен сауда-саттық жасауға көшіп жатыр. Бұл Қазақстанның инвестициялық климатына қалай көрініс береді? Бұл біздегі сауда тізбектерінің үзілуіне әкелмей ме?» - деп сұрады журналист.

Айбек Смадияров «Мәскеу биржасына» салынған санкцияның Қазақстанға тартылып жатқан инвестицияларға әсері жоқ екенін айтты.

«Әзірше бұл ешқандай көрініс беріп жатқан жоқ. Біздің өз биржамыз бар. Бәрімен емін-еркін сауда жасап отырмыз. Қазақстанға санкция тиген жоқ. Инвестициялар ресейлік биржадағы жағдайға тәуелді емес», - деді СІМ ресми өкілі.

Еске салсақ, өткен аптада АҚШ Қаржы министрлігінің шетелдік активтерді бақылау жөніндегі басқармасы (OFAC) «Московская биржа» жария акционерлік қоғамына (MOEX) санкция салғанын жариялаған болатын.

Соңғы жаңалықтар