«Мәскеу метросында «Алматы» атауына орын жоқ па?» - республикалық басылымдарға шолу

***
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты биылғы Жолдауында да білім, ғылым саласына ерекше мән берді. Елбасымыз осы салаға айрықша көңіл бөлу себебі неде, еліміз үшін маңызды сала алдында шешуін күткен қандай күрделі тапсырмалар бар? Бұл және басқа сұрақтар төңірегінде «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов кеңінен әңгімелейді. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Елбасымыздың ерекше назар аударғанын ескере отырып, Назарбаев Университеті мен Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесін бүкіл Қазақстанның білім беру жүйесіне тарату үшін олардың жетістіктерін жалпыға білім беру үдерісіне енгізудеміз. Бұл орайда барлық білім беру стандарттары, барлық деңгейдегі, яғни орта, техникалық, кәсіптік, жоғары білім, жаңа формациядағы, ғылыми кадрларды дайындаудағы білім беру мазмұны мен әдістемесі қайта қаралады», - дейді. Сұхбат «Еркін елдің ертеңі - кемел білім мен ғылымда» деген тақырыппен берілген.
Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кезекті пленарлық отырысының күн тәртібінде 2012-2014 жылдарға арналған бюджет пен осы уақыт аралығында Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт мәселелері талқыға түсті. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Бюджет бүйірі толығып, Сенатқа жол тартты» деген тақырыппен мақала жарияланды. басылымның атап өтуінше, барлық өзгерістер Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Белгілі болғаны - республикалық бюджеттің кірісі 2012 жылға бекітілген жоспарға қарағанда 306,1 млрд. теңгеге ұлғайып, 3 615,8 млрд. теңге сомасында айқындалып отыр.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында Макроэкономикалық зерттеу орталығының директоры Олжас Құдайбергеновпен арадағы сұхбат «Шикізаттың емес сектордың барлығынан қосымша құн салығын алып, оның орнына сатылым салығын енгізу қажет» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына егжей-тегжейлі жауап берген ол: «Биылғы жылдың соңына дейін девальвацияның қайталануы екіталай. Ал ол келесі жылы орын алуы ықтимал болса, оның жылдың соңында бажайлауға болады. Қалай дегенмен де девальвация мәселесі тағы да көтеріледі деп сенемін. Әсіресе көрші елдер өз валютасына девальвация жасап жатса», - дейді.
Біздің қауым солтүстікте жатқан көршімізді стратегиялық әріптес деп есептейді. Саяси, экономикалық, мәдени және рухани саладағы тығыз қарым-қатынасты қамтамасыз ететін әріптестіктің мәнін түсінетіндер де, түсінбейтіндер де осы сөзді жиі қолданады. Әйтеуір, бүйрегі бұратын бір ел болса, ол Ресей деп есептейтіндер аз емес. Құдайдай сыйлайтын көршіміз, шын мәнісінде, бізге қалай қарайды, қалай қабылдайды? Бізді әріптес ел ретінде құжат жүзінде көрсеткенімен, іс жүзінде мойындай ма? Бұл жайында тереңірек білгіңіз келсе, «Алаш айнасы» газетіндегі «Мәскеу метросында «Алматы» атауына орын жоқ па?» деген тақырыптағы мақалаға көз салыңыз.
***
«Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысы болып өтті», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті бүгінгі нөміріндегі «Работать на развитие страны» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, отырыс барысында Ұлттық қорды одан әрі дамытудың және басқару тиімділігін арттырудың өзекті мәселелері талқыланды. Сондай-ақ жиын барысында дағдарысқа қарсы бағдарламаларды іске асыру үшін бөлінген қаржыны қайта пайдалану және Ұлттық қордан «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ үшін облигациялық займ беру мәселесі зерделенді. Ұлттық қордан «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ үшін жалпы сомасы 4 млрд. АҚШ доллары көлемінде облигациялық займ беру туралы шешім Қашаған жобасын қолдау аясында қабылданды. «ҚазМұнайГаз» АҚ қаржыландыруды екі транш бойынша 2013 және 2015 жылдары жүзеге асыру жоспарлануда.