Мәскеу метросында Қазақстанның Ұлы Жеңіске қосқан үлесі туралы баяндайтын арнайы пойыз жүре бастады (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - 7 мамырдан бастап Мәскеудегі Замоскворецк желісіндегі «Сокол» электродепосы алаңында «Народный ополченец» атты Қазақстанның Ұлы Жеңіске қосқан үлесінен хабардар ететін 12 постерден құрылған экспозициясы бар арнайы пойыз жүре бастады.

Мәскеу метросында Қазақстанның Ұлы Жеңіске қосқан үлесі туралы баяндайтын арнайы пойыз жүре бастады (ФОТО)

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Көшпелі экспозиция Қазақстанда құрылып, одан кейін Мәскеуді, Севастопольді, Ленинградты қорғауда, Украинаны азат етуге қатысқан дивизиялардың әскери жолы, басып алынған аумақтарда партизандар қатарындағы қазақстандықтардың батыр істері, сондай-ақ елімізге көшірілген әскери-өнеркәсіптік кәсіпорындарының майданды жабдықтауға қосқан үлесі туралы баяндайды.

Қазақтың ұлы ақындарының алдыңғы саптағы жауынгерлерге, қоршауға түскен Ленинград тұрғындарына арналған жалынды жырлары оларға күш-жігер берді, ерекше толғандырды, Мәселен, ұлы Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өрендерім!» атты жыры көпшілікке кеңінен танымал болды. Ал басқа суреттерде кең-байтақ даласына көшірілген халықтарды қазақтардың жылы қабылдағаны туралы көрсетеді, ал жетім қалғандарды асырап алу кезінде жасаған постерлер мен деректі фильмдер ешкімді енжар қалдырмайтындығы анық.

Мобильдік құрылғының иелері «Народный ополченец» пойызындағы суреттерде бейнеленген QR-код арқылы экспозицияның кеңейтілген нұсқасымен таныса алады. Толығырақ айтқанда, кез келген метро жолаушысы Елшілік және «Қазақстан» телерадиокорпорациясы бірлесіп әзірлеген Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы арнайы бейнероликтерді өздеріне еркін көшіре алады.

Жеңіске арналған, бірыңғай мағыналық композициясымен біріктірілген барлық жинағын алғанда, «Народный ополченец» пойызы 50 постермен жасақталған. Жеңіс пойызының экспозициясын қалыптастыруға Ресей әскери-тарихи қоғамдастығы, «Вечерняя Москва» газетінің редакциясы, Мәскеуді қорғау мемлекеттік мұражайы, 1941-1945 жылдар кезеңінде Ұлы Отан соғысының орталық мұражайы да атсалысты. Пойыздағы көрме жарты жыл бойы жұмыс істейтін болады.

Пойыз экспозициясын ашу рәсіміне Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің Кеңесші-Уәкілі Виктор Темірбаев, Мәскеу метрополитені басшысының орынбасары Владимир Погодин және жергілікті ардагерлер қоғамдастықтардың өкілдері қатысты.

Бұл күндері, Қазақстан Елшілігінің қомқорлығымен Ресейдің ең ірі метрополитендерінде Ұлы Жеңістің 70-жылдығына арнайы ұйымдастырылған бірыңғай жобаның іске асырылуы аяқталып та қалды. 28 сәуірде Санкт-Петербор қаласы метросының үш бағыты бойынша «Жалпыға ортақ - Жеңіс!» деген ұранмен фашизмге қарсы шайқастағы Қазақстанның қосқан үлесі туралы экспозициялармен безендірілген вагондар жүре бастады. Ал мамыр айының басында Қазан қаласының «Жеңіс даңғылы» метро стансасында осы тақырыпқа арналған экспозиция ашылды.