Мәскеу үкіметі отставкаға кетті - «РИА «Новости»

АСТАНА. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат - Юрий Лужковтың қала басшысы қызметінен кетуіне байланысты Мәскеу үкіметі түгелдей отставкаға жіберілді.
None
None

Бұл туралы мэриядағы дереккөзге сілтеме жасап «РИА «Новости» агенттігі хабарлады.

Мәскеу мэрінің міндетін атқарушы Владимир Ресин кеше сәйкес нұсқауды дайындады. «Таңертең құжат Мәскеу үкіметінің мүшелері болып табылатын немесе мэрдің өкілеттігі мерзіміне тағайындалған шенеуніктерге таратылды», деп хабарлады дерек көз. Оның айтуынша, 10 префект, 125 басқарма басшысы, мэрдің орынбасарлары, департаменттер мен комитеттердің басшылары бүгіннен бастап міндеттерін уақытша атқарады.

«Барлығы 200-ден астам адам. Кейбіреулерге құжат жетіп те үлгерді. Бірқатар префектуралардың басшылары таңертеңнен бастап біраз құжатқа міндетті атқарушы ретінде қол қоя бастады», дейді Владимир Ресин.

Естеріңізге сала кетейік, РФ Президенті Дмитрий Медведев Мәскеу мэрі Юрий Лужковтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойғанын ҚазАқпарат хабарлаған болатын.

«Ресей Федерациясы Президентінің сенімінен айрылуына байланысты Юрий Михайлович Лужков Мәскеу мэрі қызметінен босатылсын», делінген ресми құжатта.

Мәскеу мэрінің өкілеттігі берілетін тұлға лауазымына кіріскенге дейін, Мәскеу басшысының міндетін Владимир Ресин уақытша атқаратын болды.

Шанхайда сапармен жүрген Медведев журналистердің осы мәселеге қатысты сауалдарына берген жауабында: Мәскеу мэрінің міндетін уақытша атқарушы В.Ресинді «тәжірибелі, қаланың тұрақты басқарылуын сақтауға қабілетті адам» ретінде таныстырды. «Кандидатуралар ұсынылғаннан кейін, кімнің Мәскеу мэрі болатынын шешетін боламын», - деді Медведев өз сөзінде.

Соңғы жаңалықтар