Мәскеу жаңа Дамаскпен байланыс орнатты: Асад режимі құлағаннан кейінгі алғашқы сапар
АСТАНА. KAZINFORM – Ресей делегациясы Башар Асад тақтан тайдырылғаннан кейін Сирияның жаңа әкімшілігімен алғашқы келіссөздерін өткізіп, сенімді қалпына келтіру мен Мәскеудің аймақтағы әскери базаларының болашағын талқылады.

Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Богданов бастаған Ресей делегациясы сейсенбі күні Дамаскіге барды. Бұл - өткен жылдың желтоқсанында бұрынғы президент Башар Асад тақтан тайдырылғаннан кейінгі Мәскеудің Дамаскіге жасаған алғашқы ресми сапары.
Мәскеуден барған делегация Дамаскіде Сирияның жаңа әкімшілігінің жетекшісі Ахмед аш-Шараамен келіссөздер жүргізді. Делегация құрамында Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Богданов пен Ресей президентінің Сирия бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев болды, деп хабарлайды РИА Новости.
Сенімді қалпына келтіру
Кездесу барысында Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу расталды, деп хабарлайды сириялық SANA ақпарат агенттігі. Ресей тарапы Сирияда болып жатқан оң өзгерістерді қолдайтынын мәлімдеген.
Агенттіктің хабарлауынша, Ресей Дамаскінің қалауына сәйкес «өтемақы, қайта құру және қалпына келтіру» арқылы сенімді тіктей алады.
– Диалог барысында өтемақы, қайта құру және қалпына келтіру сияқты нақты шаралар арқылы Сирия халқымен сенімді қалпына келтірудегі Ресейдің рөлі ерекше атап өтілді, – деп мәлімдеді агенттік.
Сирияның жаңа әкімшілігі елдің әділеттілікке, абырой мен егемендікке негізделген болашағын құру үшін барлық мүдделі тараптармен принципті қарым-қатынасқа деген табандылығын растады.
Дамаск билігі қарым-қатынастарды қалпына келтіру үшін бұрынғы қателіктерді ескеріп, Сирия халқының еркін құрметтеп, олардың мүдделеріне қызмет ету керектігін баса айтты.
Ресейдің Сириядағы әскери базалары
Кездесуден кейін ресейлік тарап Сириядағы әскери базаларын сақтау мәселесі қосымша консультацияларды қажет ететінін мәлімдеді.
– Ештеңе өзгерген жоқ. Бұл мәселе қосымша келіссөздерді қажет етеді. Біз ынтымақтастығымыздың әрбір саласы бойынша тереңірек консультацияларды жалғастыруға келістік, – деді РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Богданов.
Делегацияның үш сағаттан астам уақытқа созылған жаңа әкімшілікпен «конструктивті» келіссөздер жүргізгенін атап өткен Богданов Ресей тарапының «Сирия бірлігі, аумақтық тұтастығы мен егемендігін қолдайтынын» растағанын айтты.
Оның айтуынша, ресейлік тарап Сириядағы мәселелерді «инклюзивті саяси диалог» арқылы шешу қажеттігін атап өткен.
Богданов Сирия Сыртқы істер министрі Асад әл-Шайбани Ресейге келсе, Мәскеу оны қуана қарсы алатынын айтты.
Бүгінде Мәскеу Сириядағы екі базасын: Тартустағы әскери-теңіз нысаны мен Латакия порты маңындағы Хмеймим авиабазасын сақтап қалуға үмітті.
Қаңтар айында сириялық Al Watan газеті Сирияның уақытша үкіметі Тартус портын басқару жөніндегі ресейлік STG Stroytransgaz компаниясымен келісімшартты бұзғанын хабарлаған.
Келісімшарт компанияның инфрақұрылымға инвестицияларды қамтитын 2019 жылғы мәміленің шарттарын орындамауына байланысты тоқтатылған.
Бұл шешім бөлек келісім бойынша жұмыс істейтін және Ресейдің Жерорта теңізіндегі жалғыз әскери-теңіз базасы болып табылатын Тартустағы қолданыстағы Ресей әскери-теңіз базасына әсер еткен жоқ.
2024 жылы желтоқсанда Сирия президенті Башар Асад биліктен тайдырылғаннан кейін Ресей оған баспана берді.
Сириядағы ресейлік контингент Латакия маңындағы Хмеймим әуе базасына қайта орналастырылды.