Мәскеуде «Алаш» қозғалысының тарихына қатысты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті

АСТАНА. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Кеше, ақпанның 25-інде Мәскеу қаласында қазақ ғалымы Дина Аманжолованың «Қияда. Қазақстанның этносаяси тарихындағы Алаш» атты орысша шыққан кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті.
None
None
Аталған шара Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің ғимаратында ұйымдастырылып, оған Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Әділбек Жақсыбеков, Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры Берік Әбдіғалиев, «Нұр Отан» ХДП-ның хатшысы Ерлан Қарин, сондай-ақ бір топ қазақстандық және ресейлік тарихшы-ғалымдар қатысты. ҚазАқпарат бұл туралы Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. Жиын барысында сөз сөйлеген тарихшы-ғалымдар «Алаш» қозғалысының феномені жалпыұлттық деңгейде әлі күнге дейін тарихи-ғылыми тұрғыда өзіне лайық бағасын алмағанына назар аудара келе, Дина Ахметжанқызының аталған еңбегі осындай олқылықтың орнын толтыруға үлкен үлес қосатындығын атап өтті. «Кітапта тек тарихи деректер ғана түзілмей, ең бастысы, көпшілікке әлі де белгісіз болып отырған тың дүниелер қамтылып отыр. Осы еңбекпен таныса келе, өткен ғасыр басында мемлекет үшін жанкештілік жолды бастан өткерген біздің зиялы қауымның қандай деңгейде болғанын бағамдайсыз», деді «Нұр Отан» ХДП-ның хатшысы Ерлан Қарин. Сонымен бірге, Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Берік Әбдіғалиев автордың осы туындысы «Алаш» қозғалысының 90 жылдығына баға жетпес тарту болғанын айтып, шараның маңыздылығына да тоқталып өтті. «Кеңестік қанқұйлы саясаттың салдарынан опат болған қазақ зиялыларына арналған кітаптың тұсаукесері Мәскеу төрінде өтуін маңызды оқиға ретінде бағалауға болады. Сонымен бірге, бұл кітап Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының мұрындық болуымен шығарылған алғашқы туынды болып табылады. Алдағы уақытта да Президенттік қор қазақтың ағартушылық бағытындағы ұлттық тарихқа қатысты тың тақырыптарды арқау еткен кітаптарды шығару ісін жалғастырады», деді Б. Әбдіғалиев. Кітап авторы Дина Аманжолова «Алаш» тақырыбын он жылдан астам уақыт зерттеп келе жатқан ғалым. Ол 150-ге жуық ғылыми және әдістемелік еңбектің, 15 монография мен 8 оқу құралының авторы. Оның еңбектері Ресей, Қазақстан, Англия, Германия, Франция және Жапония сияқты бірқатар елдерде жарияланған. Бүгінгі күні Мәскеуде тұратын Дина Аманжолова Ресейдің Туризм институтының қоғамдық ғылым кафедрасын басқарады. Мәскеулік қандасымыздың бұл еңбегі Мемлекеттік тілді дамыту қоры мен «Нұр Отан» ХДП-ның қамқорлығы аясында жуықта ғана Қазақстанда жарық көрген болатын.
Соңғы жаңалықтар