Мәскеуде «Алтын күз» қазақ әндері фестивалі өтті
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Қазақтың музыкалық өнерінің тамаша туындылары Мәскеудегі V «Алтын күз» қазақ әндері жастар байқау фестиваліне келгендердің жүрегін баурап алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
Мерейтойлық шара Н.Э. Бауман атындағы ММТУ-дің мәдениет сарайында өтті. «Алтын күз» фестивалі 2013 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Биыл онда Ресейдің көптеген қалаларынан, Қырғызстаннан, сондай-ақ Қазақстаннан барған жас өнерпаздар қазақ, орыс және басқа тілдерде ән шырқады.
«Қазақтың халық әні «Балапан қаз» бен Мария Мордасованың орындауындағы орыстың «Гармонь моя, гармоночики» әнін финалға сақтап қойып едім. Көптеген қатысушылар негізінен эстрада әндерін таңдайды. Биылғы бәсекелестер жақсы дайындықпен келген», - дейді Саратов мемлекеттік консерваториясының студенті Лаура Өтешова.
Қазылар алқасының таңдауымен Италиядан келген әнші Son Pascal мен қазақстандық әнші Ардақ Балажанова арнайы қонақ болды.
Көрермен қауымның таңдаулы әншісіне берілетін сыйлық қазақтардың «Ақ Жол» ұлттық-мәдени автономиясының өкілі, самаралық Максим Башаркинге бұйырды.
Санкт-Петербургтегі «Достар» жастар тобының мүшесі, ақтөбелік Дамир Бүркітов қазақ тіліндегі ән орындаушылардың үздігі атанды. Ал үздік әртістік өнер үшін сыйлық «QUMUQLAR» құмық тілін сақтау, құмық мәдениетін дамыту және құмық жобаларын үйлестіру жөніндегі Мәскеу ұйымының атынан шыққан Кадерагаева Заираға берілді.
Сондай-ақ басқа қатысушылар да түрлі аталымдар бойынша жүлделер және сыйлықтармен марапатталды.