Мәскеуде бүгіннен бастап кәсіпорын қызметкерлерінің вакцина алған-алмағаны тексеріледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Роспотребнадзор бүгіннен бастап Мәскеудегі кәсіпорындардың қызметкерлеріне міндетті вакцинациялауды тексере бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәскеуде бүгіннен бастап кәсіпорын қызметкерлерінің вакцина алған-алмағаны тексеріледі

Бұл жайында Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мәлімет таратты.

Оның ақпаратына сенсек, сауда, көлік, медицина, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және қызмет көрсету саласындағы қызметкерлердің кем дегенде 60%-ына COVID-19-ға қарсы вакцина егу тапсырылды.

Талап мемлекеттік, азаматтық және муниципалдық сала қызметкерлеріне, билік органдарына да қатысты. Тексеру ақпараттық технологиялар көмегімен жүргізіледі.

Айта кетелік, көрші елде 2021 жылдың 15 шілдесіне дейін вакцинаның I компоненті немесе бір компонентті вакцина барша жұмысшыларға салынуы тиіс еді.

Ал 15 тамызға дейін екпенің II компонентін алу қажет.

Бұл талапты орындамаған ұйымдарға қызмет түріне байланысты 30-50 мыңнан 300 мыңға дейін, тіпті 1 миллион рубль көлемінде айыппұл салынады.